Кентауда жұмысшы әйел кез келген қозғалтқышты бұзып, жинай алады

Әйелдер де көлік жөндей алады.

Кентаулық Айшакүл Кенжебекова кез келген техниканың қозғалтқышын бұзып, қайта жинаудың хас шебері. Дәнекерлеу ісін де өзі атқарады.

Екі баланың анасы, екі немеренің әжесі трансформатор зауытында жұмыс істейді.

Зауыттағы барлық техника мен қондырғылардың істен шыққан қозғалтқышы Айшакүлдің қолынан өтеді. Краннан бастап, темір кесетін, жонатын, жинайтын, сырлайтын құрылғылардың күйген қозғалтқышын басынан бастап қайта жинап шығады. 

Айшакүл Кенжебекова, мотор ораушы:

- Мысалы, қазіргі келіп жатқан қозғалтқыштардың көбі Қытайдан, солардың подшипнигі шашылып кетеді де мынаған зиянын тигізіп, күйдіреді. Мынау 1,5 кВт двигитель. Біз бүның схемасын аламыз. Сымының бәрін бір-біртіндеп шығарамын. Ішіне салатын арнайы қағазымыз бар. Сол қағазды өзінің өлшемімен бәрін салып шығамын. Дайын болған қозғатқышты біздің электриктер ортасына роутерін салып жинайды. 

Моторды орау ұқыптылық пен төзімділікті талап етеді. Егер бір жерінен қате кетсе, қозғалтқыш қосылмайды. Ол кезде бірнеше күнгі еңбек зая кетеді. Сондықтан Айшакүлге үлкен жауапкершілік жүктелген. Дайын болған қозғалқышты да өзі дәнекерлейді.

Айшакүл Кенжебекова, мотор ораушы:

- Сварка жасау қолымнан келеді. Үйде де дәнекерлейтін жерлер болса оны да істеп кете беремін. Ол маған түк те қиындық туғызбайды.

Айшакүл әріптестеріне де сыйлы. Барлығы құрмет тұтып, білікті маманды төбелеріне көтереді.

Наталья Рупчева, мотор ораушы:

- Айшакүл - маман ретінде де, адам ретінде де өте жақсы келіншек. Біз осы цехта 10 жылдан аса уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Өз жұмысын жақсы біледі. Әсіресе, жас мамандарға қолынан келгеннің бәрін үйретеді. Еш жалықпайды. Содықтан оған бәрі үйірсек келеді. 

Бесаспап келіншектің еңбегін зауыт басшылары да бағалайды. Әр мереке сайын сыйақы беріп, көтермелеп отыратындарын айтады. Себебі Айшакүл сияқты мамандар өте сирек дейді. 

Бейсенәлі Жақсылық, цех басшысы:

- 15 жыл болды бізде қызмет істеп жатқанына. Айта кетейік, қаланың өзінде осындай мамандар өте сирек. 4-5 адам бар, соның бірі осы қыз. Өте күрделі моторларды орайды. 22 кВт, одан да жоғарыларын орайды. Сол себептен өте үлкен маман. 

Балалары мен жұбайы оған әрқашан қолдау көрсетеді. Қолы қалт еткенде немерелерін сыртқа алып шығып, ойнатқанды жақсы көреді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш