Алғыс арқалаған абзал жан

Баланың тілін дәрігер түсінеді. Алдына ауырып келген баланың көңілін аулап, дертіне шипа іздеу оңай ма?!

Сәтбаевтық педиатр Дина Әбікенова осы міндетті қалтқысыз атқарып, елдің алғысын алып жүр. Саналы ғұмырының 45 жылын медицинаға арнаған абзал жан әлі де еңбектен қол үзбеген. Емдеу ісімен қатар соңынан ерген буынға да лайықты тәлімгер.

Әлі тілі шықпаған баланың қай жері ауырып тұрғанын ажырату оңай емес. Бауыр еті баласының дертіне шипа іздеп келген ата-ананың тілін табу тіптен қиын. Дина Әбікенова осындай қиындықпен 45 жыл бойы бетпе-бет кезігіп жүр. Дәрігердің көбі базар жағалап кеткен тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ол сүйікті ісінен қол үзбеді. Бұған жүзінен мейірім төгілген жанның балаға деген махаббаты себеп.

Дина Әбікенова, жоғары санатты дәрігер-педиатр:

- Біз балалар дәрігері жалғыз өзі баламен тіл табысу емес, тағы да оның ата-анасымен, әжесі болады, атасы болады,әкесі болады. бүкіл семьясымен келеді ғой олар. Солардың бәрімен тіл табысу керекпіз. Балалар дәрігерінің вот қиындығы сол. Егер балалармен тіл табыса білсең, өздері сыйлай        бастайды. «Ооо мынау біздің дәрігер еді ғой» деп айтады.

Дина Әбікенованің әкесі ауыр дерттен ерте қайтыс болды. Оның дәрігерлік жолды таңдауына осы жағдай бірден-бір себеп. Әуелі ауылдық ауруханада істеп, ширек ғасыр бойы Сәтбаев қалалық ауруханасының педиатрия бөлімшесін басқарды. Қазір зейнетке шықса да, әріптестерінің қалауымен мемлекеттік емханада еңбек етеді.

Дина Әбікенова, жоғары санатты дәрігер-педиатр:

- Бізге балалардың жазылып шыққаны керек. Сол балалар жақсы болып тұрса одан артық ештеңе керек жоқ. Мен солай ойлаймын. Таңертең обходқа барғанда, мысалға 25 жыл отделениеде істедім ғой, таңертең алдымнан бәрі жүгіріп шығады. Одан артық не керек?! Одан артық бақыт керек жоқ.

Дина Әбікенова тікелей міндетінен бөлек, шәкірт тәрбиесіне уақыт табады. «Жас мамандарға жөн сілтеп, артымыздан лайықты ізбасар қалдыру маңызды», - дейді.

Күнсұлу Жанбосын, педиатр:

- Қолдайды бізді жас мамандарды. Бұл кісіні Сәтбаев қаласының бүкіл жасөспірімдері біледі десем қателеспеймін. Өйткені қандай да бір жағдай болмасын заведующий кім деп сұраған кезде Дина Нәбиқызы дегенде ол кісілер бірден біліп тұрады.

Еселі еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Ақ желеңді абзал жан Сәтбаев қаласының құрметті азаматы. Жоғары санатты дәрігер. Бірақ, ол «мен үшін марапаттың үлкені – көптің алғысы», - дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева