Созақта спорт алаңы пайдалануға беріледі

Түркістан облысының Созақ ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт алаңының құрылысы аяқталуға жақын.

Созақ ауылында бой көтерген кешен осы айда пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Шолаққорған ауылында «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды.

Аумағы ат шаптырым спорт алаңының құрылысы өткен жылы басталған. Жаңа стадион алаңына қазір жасанды газон төселіп жатыр. Мұнда жастар мен жасөспірімдердің футбол ойнауына барлық жағдай жасалған. Ауыл тұрғыны Арман Мұқатаев мұнда бұрын футбол ойнайтын алаң мүлде  болмағынын айтады.

Арман Мұқатаев, Созақ ауылының тұрғыны:

- Мұндай алаң Созақ ауданында бірінші мәрте салынып тұр. Құдай қаласа тағы да спорттық үйірмелер ашылады деп отыр. Балалар бұрын мектепте, біреудің ауласында дегендей, мектептің іші болғаннан кейін әрдайым рұқсат бермейді ғой. Сабақ өтеді басқа да тірліктері бар. Ауылдың жастарына айтарым, әдемеліп ұстау керек, спортқа бейім болу керек жастар.

Заманауи стадион 1030 орынға лайықталған. Жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Одан бөлек, жаттығу залы мен боркаут алаңы бар. Жоба құны 483 млн теңге.

Батырхан Аяпов, Созақ ауылдық округінің әкімі:

- Қараша айында өткізуі керек еді жігіттер. Бірақ осы Қыркүйек айында өткіземіз деп күтіп отыр. Барлығы заман талабына сай салынған. Арғы жағынан тағы да баскетболдың орны арнайы жасақталып жатыр. Ол да бірге өткізіледі.

«Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды

Одан бөлек, аудан орталығы Шолаққорған ауылынан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Екі қабатты ғимаратта волейбол, баскетбол, күрес, бокс, аралас жекпе-жек залы және  жүзу бассейні мен шағын футбол алаңы болады.

Нұрмұхамед Мұсабеков, нысан басшысы:

- Құрылыстың жалпы шаршы метрі 6700, ал сыртқы құрылыс ауданы 3 гектар. 2024 жылдың желтоқсанында спорт кешенін тапсырамыз.

Жоба құны 1 млрд 965 млн теңге.

Мамандар спорт кешенінде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге болатынын айтады. Бүгінгі күні Созақ ауданында 200-дей спорт алаңы жұмыс істейді. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жеткен.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов