Дін көшбасшылары елордада бас қосады

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Астанада бас қосады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазанның 11-інде елордада Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен съезд хатшылығының 21-ші отырысы өтеді. 20 елден делегация келмек. Ватикан, Израиль және Пәкістаннан да қонақтар болады. Күн тәртібіндегі басты мәселе – съезді дамыту тұжырымдамасын қарау. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Президент ұсынысты былтыр айтқан еді. Қазір Астанада қызу дайындық.

Болат Сәрсенбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталықтың төрағасы:

- Біраздан бері дайындалып жатырмыз. Қазір – соңғы кезеңі. Хатшылық аясында екіжақты кездесулер жоспарланған. Жалпы бұл – бірегей алаң, әлемде мұның баламасы жоқ. Жиында съезді дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланады.