Риддерде екінші қазандық іске қосылады

Риддер қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге де ыстық су беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһарда жақында ғана бірінші қазандық іске қосылған болатын. Өткен қыс бойы тоңып, ыстық суға зар болып шыққан  риддерліктер үшін бұл – үлкен қуаныш. Дегенмен жылу маусымын бастау бұнымен ғана шектелмейді. Қазір жылу станциясында жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, жылу жүйесін тексеру де қатар жүргізілуде. Таяуда екінші қазандық та іске қосылады. Бірақ оны қосу үшін жұмыс істеп тұрған бірінші қазандықты өшіріп, жүйені салқындатып алу керек. Демек ыстық сумен қамтуда қайтадан кедергілер туындайды деген сөз. Қала басшылығы осыған байланысты тұрғындарды алаңдамауға шақырады. Себебі қазандықтарды қосу – өте күрделі процесс, - дейді мамандар.