Елдегі күре жолдарда күніне орта есеппен 5-6 адам көз жұмады

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, темір тұлпар тізгіндегендер тәртіпке бағынбай жүр.

Кейінгі кездері жүргізуші куәлігін сату дерегі жиілеген. Жолдардың сапасы да сын көтермейді. Бұл жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр.

Бұл - Көкшетаудың іргесіндегі Зеренді мен Айыртау аудандарына апаратын жол. Демалыс орны болған соң, екі аралықты жалғап жүрген көлік көп. Бірақ жол тар. Екі жолақты трассаның ені 7 метрден аспайды. Осының кесірінен жол апаты, одан қалды өлім-жітім көбейген.

Александр Коровин, көлік жүргізуші:

- Көлік өте көп. Оның ішінде жүк көліктері қауіпті. Себебі жол өте тар. Жаз уақытында туристер келгенде жағдай мүлдем қиындайды. Жолды кеңейту керек.

Қайғылы жағдайға әкеп соққан апаттың тең жартысы сапасыз, тар жолдың кесірінен болды. Ал 1-ші санаттағы, 4 немесе одан да көп жолақтары бар трассаның үлесі небәрі 2%. Тағы бір дәйек – көлік оқиғаларының 73%-ы елді мекендерде тіркеледі. Енді көлік министрлігі жағдайды түзеу үшін жолдарды кеңейтуді жоспарлап отыр.  

Талғат Ластаев, Көлік министрінің міндетін атқарушы:

- Елде көлік апатын азайту үшін республикалық маңызы бар үш мың шақырым жол бірінші техникалық санатқа ауыстырылды. Арнайы бөлу жолақтары мен тосқауылдар орнатылды. Бұдан бөлек жыл басынан бері 350 техникалық байқау операторының қызметі тоқтатылды. Тағы 131 мекемеге айыппұл салынды.

Ресми статистикаға сенсек, елде көлік соқтығысы 13%-ға, жарақат алғандар саны 16%-ға азайған. Бірақ, жағдай жақсармады. Жыл сайын жол бойында бір қауым елден айырыламыз.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Реттелмейтін өткелдерде зардаптары ауыр жол-көлік оқиғалары 5 есе жиі болады. Елімізде тек 250 жер үсті (130) және жерасты (121) жаяу жүргіншілер өткелдері бар. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында олар мүлдем жоқ. Бүгінде: 1 мыңнан астам бағдаршам нысандары. 1,5 мың «кері санақ» таблосы. 25 мың жол белгілері. 1 млн. км-ден астам жол таңбалары қажет.

Қазір жүргізушілердің жартысы ескі көлік мініп жүр. Ал олардың жарамдылығына назар аударып жатқан ешкім жоқ. Себебі, техникалық байқау мекемелері дұрыс жұмыс істемейді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері мұндай орталықтар тек өз қалтасын ойлайды дейді. Осының кесірінен биыл ақауы бар көлікті басқарған 7,5 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Құжатты парамен алатындар да азаймай тұр. Автомектерге де бақылау жетіспейді. Осыған байланысты, енді куәлікке емтихан тапсыру процессі онлайн транцляция арқылы бақыланады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Жүргізушілердің өз бетінше дайындалу мүмкіндігін алып тастау мәселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, Жүргізуші куәлігін алу емтихандарының сапалы өткізілуін қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеу қажет.

Жолдың жайын айтқанда такси қызметін айналып өту мүмкін емес. Сапарға жиі шығатын жүргізушілер пайда табу үшін күні-түні тоқтаусыз жұмыс істейді. Тиісінше, жолда ұйықтап кететіндер көп. Иә, бұл – кей отбасының негізгі табыс көзі. Бірақ қауіпсіздікті алдыңғы орынға қою керек. Үкімет отырысында такси жүргізушілерін медициналық тексерістен өткізу ұсынылды. Сондай-ақ, рөлде 8 сағаттан артық отырмауы қарастыралды. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Биыл 5,5 млн жол ережесін бұзу фактісі анықталды. 15 мыңға жуық жүргізуші мас күйінде ұсталып, 9 мыңы куәлігінен айрылды. 15 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 215 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған. Иә, заң күшейді, айыппұл көлемі өсті, камералар орнатылды. Бірақ жүргізушілердің желігі басылмай, тәртібі түзелмей, жүргінші өз жауапкершілігін жіті түсінбей жағдайдың оңға басуы екіталай. 

Антарекс:

Жол ережесін бұзу дерегі – 5,5 млн

Мас күйінде ұсталды – 15 мың

Көлікті басқару құқығынан айырылды – 9 мың

Әкімшілік қамауға алынды – 15 мың

Айыппұл салынған жаяу жүргінші – 215 мың

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев