Бүгін – Мұғалімдер күні

Саналы ғұмырының 30 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған педагогтердің саны ел бойынша 40 мыңға жуықтайды.

Ал еңбек өтілі 10 жылға дейінгі жас мұғалімдердің саны 139 мыңнан асты.

Ақжанай Қалиева өмірінің 32 жылын ұстаздыққа арнаған. Қазір Б.Майлин атындағы номері 52 мектеп-гимназияда "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәнінің мұғалімі. Оқушылары талай халықаралық байқауларда жүлделі орыннан көрініп, шет мемлекеттерде білімін шыңдап жүр. "Тәрбиемен берілген білім - өлшеуі жоқ қазына", - дейді кейіпкеріміз.

Ақжанай Қалиева, "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәнінің мұғалімі:

- Ұстаздың мақсаты - балаға тәрбиемен білім беру. Айтады ғой, "тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы" деп. Бұрынғы кез, қазіргі кез деп бөлудің қажеті жоқ. "Жаңартылған білім мазмұны" деп жүрген бағдарламалардың барлығы өзіміздің 20 ғасырда Ахмет бабамыздың салып кеткен сара жолдары.

Гүлнәр Дәуренбаева номері 59-шы мектеп-гимназияда "Химия" пәнінен сабақ береді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан білікті маман. Мұғалімдердің мәртебесін әлде де көтере беру керек, дейді.

Гүлнәр Дәуренбаева, "Химия" пәнінің мұғалімі:

- Неміс канцлеріне сұрақ қойған екен. "Неге сендерде мұғалімнің жалақысы ең жоғары?" деп. Сонда канцлер "өйткені мұғалім бізді жазуға үйреткен емес пе?! деп айтқан екен. Сондықтан біздің елде тек мұғалімнің жалақысы жоғары болуы мүмкін деген. Енді қазақ та сондай деңгейге жете алады деп ойлаймын.

Елде кәсіптік білім беру бойынша 36 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде жартысынан көбі - әйелдер.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдердің жалпы саны 341 мыңға жуықтайды. Оның ішінде шамамен 67 мыңы - ерлер. Қалған 274 мыңнан астамы - әйелдер. Ал мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі ерлердің саны, пайыздық үлесі тіптен аз. Небары 2540 маман.

Бірақ соңғы жылдары оң динамика байқалады. Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Зейнеп Мақсұтова ер азаматтардың үлесі,,, мектепті "Алтын белгімен" бітірген жас жігіттердің арқасында өсіп жатқанын айтты.

Зейнеп Мақсұтова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің комитет басшысы:

- Ер азаматтардың салада саны аз болатын. Педагог мәртебесі туралы Заң енгелі бері олар көбейді. Біздің "Алтын белгі" иегерлері де педагог маманын таңдайтын болған. Осыдан 3-4 жыл бұрын жылына 1-2 алтын белгі иегері таңдайтын болса, бүгінгі күні биыл 100-ден астам 200-дей "Алтын белгілер" осы педагог маманын таңдап отыр.

220 мың мұғалім біліктілік санаты бойынша қосымша қаржы алады. Мәселен, педагог-шеберге 50 пайыз және педагог-зерттеушіге 40 пайыз үстемеақы қосылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Арман Ақшабаев