Жасанды интелект: Заман талабы

Келешекте қазақтың қарапайым мұғалімі де, дәрігері де, тіпті агрономы да жасанды интелектіні ұршықша иіре білу керек.

Заман талабы осы. Өйткені, жаһан жасанды интелект дәуіріне аяқ басты. Демек, біз де нейрожүйенің қызығын көріп, көштен қалмауға қамдануымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында саланы серпілтетін бірқатар ұсыныс айтты. Президент ел болашағын жасанды интелектпен байланыстырады.

Жасанды интелект қолданысқа енсе, мыңдаған мамандық қажет болмай, 3 миллион жұмыс орны жойылады. Жаһан сарапшыларының болжамы - осы. Бұл өзгеріс қазақ еліне де әсер етпей қоймайды. Осыған байланысты Президент жасанды интеллектіні қысқа мерзім ішінде дамытуды тапсырды. Себебі, жаңа технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бірақ, алдымен қарапайым интернет пен маман тапшылығы мәселесін реттеп алу керек. Осыған байланысты, мемлекет басшысы 5 джи желісін енгізуді уақытынан бұрын аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс.

Ауыл аймақ та назардан тыс қалмайды. Шалғайдағы тұрғындарды интернетпен қамту үшін спутниктік жүйелер пайдалану ұсынылды. Мұндай қызметті ұсына алатын компанияның бірі - SpaceX. Форумда Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен дрейер де келіп, өз өнімін таныстырды.

Лорен Дрейер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті:

- Біздің жоба кез келген жерде байланыста болуға көмектеседі. Таулы-тасты аймаққа жылдам интернет тарта аламыз. Және ол кез келген ауа райында жұмыс істей береді. Бізді қазір 60-қа жуық мемлекеттегі 10 млннан аса адам пайдаланады. Мектептермен де тығыз байланыстамыз. Кей жағдайда, тіпті, өрт қаупінің алдын алу үшін де пайдаланады.

Жасанды зерде білім жүйесіне біраз өзгеріс енгізбек. Президент тапсырмасымен енді мектепте жаңа технология егжей-тегжейлі оқытылып, цифрлық сауаттылыққа басымдық беріледі. Дәл осындай реформа Университет қабырғасында да болады. Нейрожүйені ұршықша иіретін білікті мамандарды даярлау көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек.

Президент цифрлық инфрақұрылым жайын да қозғап,  IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс деді. Ең алдымен, есептеуіш орталықтардың қуатын арттыру көзделеді. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізу жайлы тапсырма берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды.

Сала серпілісі үшін инвестиция тартуды бір жолға қою маңызды. Қазақстан бұл тұрғыда институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Осының арқасында былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Мемлекет басшысы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконгта қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіріп, халықаралық ойыншыларды тартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз.

Халықаралық алпауттыр да елдегі цифрландыру ісіне таңдана, тамсана қарап отыр. Қолындағы қомақты қаржыны әрі қарай да осы салаға құюға дайын.

Тим Дрейпер, венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы:

- Қазақстанға 6 жыл бұрын келген кезде цифрландыруға аяқ басып жатқандарыңызды естідім. Қазір сіздер банк қосымшасының көмегімен қолма-қол ақшаны пайдаланбайсыздар. Бұл үлкен серпіліс. Сіздер бұл бағытта АҚШ-тан озып кеттіңіздер. Себебі, АҚШ-та кофеханаға келіп, тиын санап тұрған адамды жиі кездестіресіз. Сіздерде бұл сала жақсы дамыған, және бұл қоғамға үлкен көмек.

Жасанды интеллект бірінші мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистикаға енгізіледі. Содан кейін мемлекеттік қызметте пайдаланылады. Қалаларды толыққанды ақылды шаһарға айналдыруға мүмкіндік туады. Бірақ ол үшін нақты стратегиялық құжат қабылдау керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін.

Қазақстан цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың елге келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасайды. Мемлекет басшысы инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз деді.

Бекзат Аманов, тілші:

- Заманында электр жарығы мен интернет тіршілікті түбегейлі өзгертіп жіберді. Жасанды интелект те осындай үлкен революцияға алып келетіні сөзсіз. Ал темір адамнан ақылды бола ала ма? Жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме? Бұл сұрақтың жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан мәселені жіті назарда ұстау керек деді Президент. Қысқасы, жасанды интелект тек қоғамның пайдасына қызмет ету керек.

Авторы: Бекзат Аманов