«Амангелді» газ кен орнына - 20 жыл

Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан «Амангелді газ» кен орны 20 жылдық мерейтойын тойлауда.

Аталған кен орны тәуелсіздік  жылдарында іске асырылған сәтті газ жобаларының бірі саналады. Айтулы күнге орай кен орнын игеруге және компанияның қалыптасуына зор үлес қосқан газ саласының қазіргі қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды.

"Амангелді" газ кен орнының ашылғанына биыл тура 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қол жеткен жетістіктер аз емес. Жыл сайын 350 миллион текше метр газ өндіріледі. Өндірістік, технологиялық процестер толығымен автоматтандырылған.

Мейірбек Ихсанов, "QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Амангелді кен орнының жалпы  бар газы ол 39 миллиард текше метр. Ол шамамен 40-50 жылға жетеді. Амангелді кен орнының газы өте таза, күкірті жоқ, ішінде гелий бар.

Серікбек Дәукей – кен орнының тарихымен жақсы таныс.  Ол сонау 1970 жылдары геофизик ретінде 10 жылдан астам уақыт бойы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Тәжірибелі маман ол кездерді былай деп еске алады

Серікбек Дәукей, тау-кен инженері, геофизик:

- Өте қиын жұмыс істеуге осы жерде, қиын методика болды, сейсморазведка дейді. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізіп, біз бір методиканы аштық. Қалай жасайтынын, қалай зерттейтінін. Өте қымбат.

Былтыр "Амангелді Газ" атауы "Qazaqgaz барлау және өндіру" ЖШС болып өзгерді. Компания табиғи газдың ресурстық базасын ұлғайту жұмыстарын қолға алған. Жыл соңына дейін Анабай кен орны іске қосылады.

Алмас Қуандықов, " QazaqGaz барлау және өндіру" ЖШС бас директоры:

- Бұл "Амангелді" кешенді газ тазарту қондырғысына қосылатын және біздің өндірісімізді 40 миллион текше метрге арттыратын жаңа кен орны. Мәселен, 2025 жылы іске қосылатын Бархан кен орнынна тағы 80 миллион текше метр алуды жоспарлап отырмыз.

Мерейтойға орай кен орнында газ саласының үздік қызметкерлері мен ардагерлері марапатталды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев