Қызылордалық күрішші әр гектарынан 66 центнерден өнім жинады

Қызылордалық диқандар күріш алқабының 99%-ін орып болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар шамамен әр гектардан 65 центнерден астық алып жатыр. Қырманды қызылға толтыруда шиелілік Гүлсім Дәрібаеваның да еңбегі орасан. 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген күрішші өзіне бөлінген егістіктен уақытынан бұрын шашпай-төкпей өнім жинап алды. 

Мектеп бітірісімен дала жұмысына араласып, трактор мен комбайн тізгіндеген Гүлсім Дәрібаева бертін келе агроном-есепші, қазір бригада басқарып жүр. Ақ күріштен тау тұрғызған Ыбырай Жақаевтың «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген тәмсілін ұстанған егінші жомарт жерді идіру үшін техниканың тілін табу керек дейді.  

Гүлсім Дәрібаева, күрішші:

- Ол кездің тракторы қазір мен отырған трактормен салыстырғанда өте ауыр тұғын. Азанда тұрамыз да ыстық суды қайнатып құясың қыстың күндері. Сөйтіп, «пускачты» тартасың, от алса, от алды. От алмаса, сүйрейсің оны. Сөйтіп барып, жұмысқа баратын тұғынбыз. Алдын жауып, жаз болса, іші қайнап кетеді, ыстық, шаң. Ал мына қазіргі техника заманауи салқындатқышы бар, бәрі пультпен, автоматты, шаң кірмейді, қиналмайсың. 

Ақмая аулындағы шаруашылық 1300 гектарға күріш егеді. Соның 500 гектардайының шығымы мен орымына нәзік жанды диқан жауапты. 60-ты алқымдаса да, тірлігі ширақ Гүлсім Дәрібаева биыл 66 центнерден өнім жинады. Тәжірибелі егінші қазір күріш баптау ісіне шәкірттер баулып жүр. Осы ретте негізінен мұғалім мен дәрігерлер қамтылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауыл шараушылығы мамандарын енгізу керектігін айтады.  

Гүлсім Дәрібаева, күрішші:

- Агроном, гидротехник, механизатор дегендерге сол бағдарлама егер де қаралса ,жастар да соған ынталанар еді. Жастарды ынталандырып, соларды отырғызу керек осындай техникаға.

Күріштен бөлек, жүгері, бидай, жоңышқа және бау-бақша дақылдарын егетін шаруашылық елді мекеннің 220 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Мекемеде ең алдымен адам еңбегін лайықты бағалау үрдісі қалыптасқан.     

Дәулет Жұмбеков, шаруа қожалығының басшысы:

- Мемлекет басшысы келгенде де еңбек адамдарын қай уақытта қолдаймыз деді. Біз де егінші, жұмысшыларымызға күздігүні озаттарына жеңіл көлік, үй береміз. Курорттарға жолдамамен демалуға жібереміз. Сосын 40 центнерден асса, үстіндегі 20%-ін өздері алады.

Бұған дейін 16 Социалистік Еңбек ері шыққан Ақмая ауылының тұрғындары енді бейнеткеш Гүлсім Дәрібаеваның құрмет тақтасынан көрінгенін қалап отыр. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.