Арқалық қаласында биыл 7 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылды

Алдағы екі жылда қалған барлық құбыр ауыстырылады деп жоспарланған.

Осылайша үш кезеңге есептелген жобаға шамамен 12 миллиард тенге бөлініп отыр. Ал жаңадан салынған көмірмен жағылатын қазандық осы аптада толық іске қосылуы тиіс. 

Арқалық қаласының жылу желісінің ұзындығы 35 шақырымға жуық. Соның 85-90 проценті тозған. Биыл алпыс жыл бұрын салынған құбырдың жеті шақырым бөлігі жаңартылды. Оған 3,2 миллиард тенге жұмсалды. Қазір жаңа құбыр тартылған нысандардың басым бөлігі орталық желіге қосылды. 

Өміржан Әбдібеков, Арқалық қаласының құрылыс және сәулет бөлімі басшысының м.а:

- Елу шамасында үйлер, ғимараттар. Соның ішінде 27,28 тұрғын үйлер. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге толығымен жылу берілді. Төрт-бес обьектілер қалды. Соларды жылумен қамту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы екі күнде бітіріп қадамыз деп жоспарлаудамыз.

Мамандар жаңа құбырдың сапасы жоғары деп отыр. Арнайы материалмен қапталғандықтан жылу шығыны аз. Тағы бір ерекшелігі - бақылау құрылғылары бар. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық қаласында жылу құбырларының дені жер үстімен өткізілген. Мамандардың айтуынша бұл жөндеуге ыңғайлы және жеңіл. Оның сыртында құбыр бойымен мынадай датчик сымдар тартылған. Бұл апат орнын тез анықтауға мүмкіндік береді.

Үш жыл бұрын салынған көмірмен қыздырылатын жылу энергетикалық орталығының кем-кетік тұстары әлі дұрысталып жатыр. Біз барған күні екі бу қазандығын істеп болған. Енді құрал-жабдықтарды орнатқан мердігер тоқ өндіретін турбогенераторды іске қосып, тапсыруы міндет.

Әскербек Әлмағамбетов, Арқалық жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы:

-Бүгін кешке қосыламыз деп отырмыз. Сол қосылғаннан кейін бізге мына котелдардың 72 сағат жұмыс істеуі керек. Содан кейін ғана қабылданды деп толыққанды айтуға болады.

Арқалыққа жылу беру маусымына 48 мың тонна көмір қажет. Қазір қорда 10 мың тонна бар. Келісім-шарт бойынша қатты отын Шұбаркөлден қажетті көлемде жеткізіліп отырады. Ал қандай да бір тосын жағдайға 4,5 мың тонна мазут сақтаулы тұр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг