Арқалықта бос тұрған ғимарат жергілікті оқу орнына беріледі

Арқалықта ұзақ жыл қаңырап бос тұрған көпқабатты ғимарат жергілікті оқу орнына беріледі.

Қазір құжаттар түгенделіп жатыр. Келер жылы жөндеу жұмыстары басталады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Есік, терезесі үңірейіп, қала сәніне нұқсан келтірген мына ғимарат Арқалықтың дәл орталығында орналасқан. Жекенің иелігінде болған бұл ғимараттың қаңырап бос тұрғанына жиырма жылдан асыпты. Енді оны әкімдік сатып алып,  жергілікті институттың оқу корпусына айналдырмақ.     

Бұл ғимарат 1960 жылы салынған. Мұнда кезінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болды. Кейін жеке меншікке сатылып қолдан-қолға өтіп, бірнеше адам иелік еткенімен ешкім іске жаратпаған. Әкімдіктен ұсыныс болғанда соңғы иесі 180 миллион тенге сұраған. Екі жақ 110 миллионға тоқтапты. Содан облыстан арнайы трансферт бөлініп, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды.   

Абзал Тәшімов Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

- Құжаттама дайындау үшін облыстық құрылыс басқармасы солардың балансына берілді. Әрі қарай ол кісілер құжат дайындайды одан кейін институттың балансына беріледі. Әрі қарай институттың министрліктері өздерінің қаражаттарына қалпына келтіруі керек.

Жергілікті институттың инфрақұрылымын кеңейту Арқалық қаласын 2023-27 жылдарға арналған дамыту бағдарламасына енгізілген. Себебі мұнда Қазақстан өңірлерінен тыс, шетелден оқып жатқандар бар. Мысалы былтыр Өзбекстаннан 50 студент қабылданды.

Айбек Қалиев, педагогика және филология факультетінің деканы:

- Сол сұранысты өтеу үшін өзіміздің институтымызды кеңейтуге бағыт ұстап отырмыз. Бірақ оқу ғимараттарының тарлығы бізге бөгет болып тұр. Сондықтанда осы қалада бос тұрған ғимараттардан осы институтымызға лайықтап, кеңейтсек қазіргі таңда 2,5 мың студент оқып жатса, болашақта 5 мың студентке дейін оқытуға біздің мүмкіндігіміз бар.

Оқу орнының әкімшілігі бұл ғимаратта не орналасатынын анықтап қойған.

Сайын Әлімұлы, педагогикалық институттың аппарат басшысы:

- Бұл ғимаратта айта кеткендей магистратура мамандығы, доктурантураны біз осы жақта оқытсақ па деген жоспарымыз бар. Және де бұл жақта қазіргі технологиялармен жабдықталған зертханаларымыз болады деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы Арқалықта бос тұрған үлкенді-кішілі 30-ға жуық ғимарат бар. Енді оларды да қандай бір кәдеге жарату жолдары қарастырылып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг