Атырауда электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін

Тұрғындар қазір 1 кВт үшін 6,3 теңге төлеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«АтырауЭнергоСату» мекемесі бұл соманы екі есе өсіруді ұсынды. Өйткені электр энергиясының тасымалы қымбаттаған. Оған қоса жұмысшылардың да жалақысы мардымсыз. Сондықтан қазір мекемеге маман тұрақтамайды. Егер монополистің бұл өтініші мақұлданса, тариф тек жеке тұлғалар үшін көтеріледі. Бірақ заңды тұлғалардікі өзгеріссіз қалады. Себебі оларға қатысты тарифті өсіретін болса, кәсіпкерлердің тұрғындарға көрсететін қызмет құны да қымбаттауы мүмкін. Қазір тараптар қоғамдық тыңдау өткізіп, мәселені жан-жақты талқылап жатыр.

Арман Өтегенов, облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Олардың негіздемелері – Кегок тасымалдау және Атырау-Жарық тасымалдау тарифтері де өсті және өз мекемелерінің қызметкерлерінің жалақысын көтеру. Енді Қазақстан бойынша қарасақ, Атырауда ең төмен тариф халық үшін – 6,3 теңге. Екінші орында Ақтөбеде 13 теңгеден басталады. Екі есеге көтерсе де, тариф құны ең төмен облыс болып қаламыз.