Арқалық қаласының орталық алаңын абаттандыру жобасы аяқсыз қалды

Бұл үшін бюджеттен 122 миллион теңге бөлінген.

Бірақ мердігер мойнына алған жұмысты жартысына да жеткізбей тастап кеткен. Жергілікті әкімдік оны сотқа берді. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Он мың шаршы метр мынау орталық алаңда тас төсеу жұмыстары маусымның бірінен басталған. Жоба бойынша қыркүйектің бірінде тапсырылуы тиіс еді. Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай бар жұмыс ауқымының тек төрттен бірі атқарылған. Оның өзі кедір-бұдыр, тегіс емес дейді жергілікті мамандар.

Абай Брахметов, Арқалық қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Мынау сияқты жарық болды, сынған жерлері болды.Биіктігі әртүрлі болды. Аралары ашық, өзі кейбір брусчатка былқылдайды. Қозғалады Сондай бір сұрақтар болды.

Алайда мердігер мұндай кінараттармен келіспейді. «Түрлі сылтау айтып, тиесілі ақшамызды төлемей отыр. Сондықтан тамыз айында жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдым», - дейді. Ал сапасына келсек, үлкен көлемде тас төсегенде бәрі бір келкі, теп-тегіс болуы мүмкін емес деп ақталады.

Ерлан Ибраев, мердігер:

- Мысалы түсі әртүрлі дейді. Олай болуы, тас төсеніштің кебуіне байланысты. Және оны  шығаратын мен емес, жергілікті кәсіпорынның өнімі. Бастапқыда өндірушімен келісіп, адын-ала  4,5 миллион тенге төлеп қойдым. Енді тас та жоқ, ақша да жоқ.

Әкімдіктегілер қаланы абаттандыру бағытындағы ауқымды жоба болғандықтан басынан бақылауда ұстадық дейді. Алған тас төсеніштердің қалыңдығы талапқа сай еместігін талай рет ескерттік деп отыр. Алайда одан еш нәтиже болмаған.

Абай Брахметов, Арқалық қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Мемлекеттік сатып алу заңына байланысты 1-ші қыркүйектен бастап сотқа бердік. Оны жауапсыз мердігер ретінде танытуға. Сосын бірнеше хат жолдадық, жұмысты тездетсін деп, өйткені құрылыс мерзімі осы Арқалық маңайында аяқталып келеді.

Енді екі жақ сот шешімін күтіп отыр. Ал орталық алаңға тас төсеу жұмыстары биыл аяқталмасы анық.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг