Елдікке бастаған тарихи құжат

Егемендіктің елең-алаң шағында халық қалаулылары саяси ерік-жігер мен табандылық танытып, маңызды құжаттың қабылдануына орасан ықпал етті.

Бұдан кейін саяси үдерістер жанданып, еліміз дербес мемлекет құруға бағыт алды.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

- Кезінде 90-жылдың қазан айында қабылдағанбыз. Сол қабылдаған депутаттың бірі – мен. Сол кезде қолмен есептейміз, қазіргідей компьютер жоқ. Өте ерекше күн. Біз осыны ел боламыз, демократия құрамыз деген сөздер жазылған. Біздің басқарушымыз Президент болады, Парламент құрамыз, бейбіт ел боламыз деп жазылған. Сондықтан әке кім десеңіз, құрылтайшы – депутаттар. Соның бірі мен.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Егемендік туралы декларация 17 баптан тұрады. Айрықша мәні бар құжат. Қазақстанның алдағы даму жолдарын белгілеп берген әйгілі құжат. Сол құжатта биліктің үш тармағы бекітілді. Президент лауазымы енгізілді. Соның негізінде ҚР Конституциясы жасалды. Қазақстанның өз әскері, өз ақшасы, өзінің дербес экономикалық саясаты болатындығы туралы да сол құжатта айтылған. Сондықтан Мемлекет басшысы 13 жыл қатарынан тойланбай кеткен осы мерекені әділет салтанат құрып, халықтық, ұлттық мерекеге айналдырды.