«АрселорМиттал Теміртау» шетелдіктерге берілмейді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке қайтару үшін бюджет қаржысы пайдаланылмайды.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, кәсіпорын енді шетелге сатылмайды. Қазір Үкіметте компанияны отандық инвесторға беру мәселесі пысықталып жатыр. Бірақ меншік иесі өзгергенімен қызметкерлер саны қысқартылмайды, еңбек шарттары да қаз-қалпында сақталады. Келіссөз сәтті аяқталса, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атауы да өзгеруі мүмкін.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Үкімет пен «АрселорМиттал» арасындағы келіссөз ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келеді. Біз бастапқы құжаттарға 22 қазанда қол қойдық. Яғни, шахтадағы қайғылы жағдайға дейін де кәсіпорынды мемлекетке қайтару жоспарда болған. Мұны компанияның өзі де растады. Біз қазір Қазақстанды құқықтық тұрғыда қорғау үшін егжей-тегжейлі заң жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.