БҚО-да 500 бейнекамера орнатылады

Келер жылы Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендерде 500-ден астам бейнебақылау құрылғысы орнатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын қамтуға басымдық беріледі. Камералар жедел басқару орталығына қосылуы тиіс. «Сонда қылмыстық істердің ашылу көрсеткіші арта түсері анық», - дейді полицейлер.

Бұл – қаланың солтүстік-шығыс беті. Әкімшілік аумақта 34 көпқабатты тұрғын үй бар. Мұндағы аулаларда небәрі 12 бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Биыл осы учаскеде 62 қылмыстық іс тіркелсе, соның 18%-і ғана камераға түскен. Тұрғындар қауіпсіздікті қадағалау шараларын күшейтуді сұрап отыр.

Анатолий Сидоров, қала тұрғыны:

- Біздің ауланың әр бұрышына бейнебақылау құрылғыларын қою керек. Мұнда жалғыз камера тұр. Ол ауланы тұтас көрсете алмайды. Оның үстіне теректер кедергі келтіреді.

Берік Қайырғалиев, учаскелік полиция инспекторы:

- Көбіне ұрлық қой. Ұрлық көбіне ашылады. Камера керек әлі де. 10 шақты камера болса. Әлі де қоятын жерлер бар. Мен де өзімнің орнатайын деп жүрген, жоспарлап жүрген үйлерім бар. Қай жерге қою керек екенін, қай аулаға қою керек екенін. Өйткені сол жерлерде қылмыс болуы мүмкін.

Жедел басқару орталығына қаладағы 628 бейнебақылау құрылғысы қосылған. Соның 300-ге жуығы «Қауіпсіз аула» жобасы аясында орнатылды. Биыл полиция қызметіне қылмысқа қатысты 3 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Камералар арқылы соның 133-і ғана ашылды. Полицейлер келер жылы бейнебақылау құрылғыларын көбейту көзделгенін айтады.

Райгүл Бисенбиева, Жедел басқару орталығының инспекторы:

- Былтыр 85 қылмыс ашылды. Қазіргі таңда 26,4%-ке ашылу қылмыс саны көбейіп отыр. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша қазіргі таңда 16 199 әкімшілік құқықбұзушылық орын алып отыр. 2024 жылы 500-ден астам бейнекамера сатып алу жоспарланып отыр. Оның 120-сы Теректі ауданы бойынша орнатылып жатыр.

Аудандарда қазір 520 бейнебақылау құрылғысы жұмыс істеп тұр. Ал Ақсай қаласында «Smart City» жобасы негізінде көшелерге 210 камера орнатылған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.