Ақмола облысы Зеренді ауданында 60 шақырым жол жөнделді

Биыл Ақмола облысы Зеренді ауданында 60 шақырымға жуық жол жөнделді.

Жауаптылар алдағы жылы да осы межені орындауды көздеп отыр. Бірнеше ауылдың тұрғындары жол азабын тартып келеді. Әсіресе, күз мезгілінде қалаға қатынайтын жол саз-балшыққа айналады. Ал бес елді мекенді  облыс орталығымен байланыстыратын күрежол бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген.

Жаңбыр, не қар жауса Қостамар ауылындағы тұрғындардың құты қашады. Өйткені елді мекенде асфальт атымен жоқ. Ми батпаққа айналған жолда техника әрең жүреді.

Сағынтай Мұқанов, Қостамар ауылының тұрғыны:

- Көктемде күзде езіліп кетеді. Үлкен машиналар өтіп, езгілеп колья қылып тастайды. Он сегіз шақырым тиіп тұр Атбасарский трасса Викторовка ауылына дейін бір сағаттан астам жүреміз. Қысқы уақытта тазаланбайды. Қонып қалатын кездеріміз болады. Жолды көбіне камаздар бұзады. Соларға кішкене ограничение болса.

Күрежолмен жүк көліктері де көп қатынайды. Себебі, елді мекенде егін және орман шаруашылығы жақсы дамыған. Осыдан екі жыл бұрын ауыл жолы ағымдағы жөндеуден өткен. Оған қазынадан 40 млн теңге бөлінді. Бірақ бір жыл өтпей грейдермен салынған жол баяғы қалпына түскен.

Әділбек Әбілхаев, Қостамар ауылының тұрғыны:

- Мен ес білгелі жолымыз осындай. Арасында ағымдағы жөндеуден өткізіп тұрады. Бірақ ол көпке шыдамайды. Жауын болса қайта езіліп кетеді.

Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет арызданған. Бірақ құлақ асар ешкім жоқ деп отыр. Ал аудан шенеуніктері қажетті құжаттар жиналып, жұмыс басталғанын айтады.

Әсен Жақсылықов, Зеренді ауданының әкімі:

- Жобалық-сметалық құжат дайын. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Қараша айының соңында облысқа немесе республикаға өтініш береміз. Тиісті қаржы бөлінсе, орташа жөндеу жұмыстарына келер жылы кірісеміз. Ал бұл жол грейдер болғасын жүк көліктерінің қозғалысын заң жүзінде шектей алмаймыз.

Жалпы биыл аудан аумағында 60 шақырымға жуық жол жөнделді. Жауаптылар алдағы жылы да осы межені орындауды көздеп отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный