Нартай Сәрсенғалиев: Ұлттық спортты қолдау маңызды

Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев спортты қолдауға бөлінген қаражатқа шүйлікті.

Депутаттың айтуынша, елде 180 спорт түрі ресми түрде тіркелген. Алайда соның 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне еніпті. Бірақ бөлініп жатқан қаржы қыруар. Мәжілісмен пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл сынды ел біле бермейтін спорт түрлеріне де бюджет қаражаты жұмсалып жатқанын айтты. Депутат ысырапқа жол берілгенін сынға алды. Ол мемлекет олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдолимпиадалық жарыс түрлеріне басымдық беруі тиіс дейді. Әсіресе, жүлде әкелетіндеріне сараптама жасау маңызды. Сондай-ақ кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеп, легио-нерлерге бюджет есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Ал жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы тиіс. «Әзірге олардың атқарып жатқан жұмысы оң нәтиже берген жоқ», - дейді депутат. Нартай Сәрсенғалиевті Ұлттық спорт түрлерін қолдауға жоспарланған қаражат көлемі де алаңдатады. 

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ұлттық спортымыздың хәлі нешік дегенге келейік. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, Қазақ күресін мазақ қылып турнур ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер және бар.