Ақтауда мұз сарайының құрылысы тағы тұралады

Ақтауда мұз сарайының құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мердігер құрылыс материалдары қымбаттауын алға тартып, қосымша қаржы сұраған. Алайда ұсыныс әкімдіктен қолдау таппады. Бұған дейін тапсырыс беруші тарап жоба құнының 30%-ін төлеген. Қысқы спорт түрлеріне арналған нысан құрылысы ұзаққа созылған соң ақшаны қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мұз сарайы дегеніміз – қаңырап тұрған мына ғимарат. Құрылысы 2018 жылы басталды. Сол кезде әкімдіктен жер телімі бөлініп, қоршау сыртына әдемі суреттер ілінді. Жоба паспорты жазылған плакатты көп ұзамай жел жыртып, қалдығы қалды. 5 жылда бір қабаты ғана көтерілген нысан «сақалды құрылысқа» айналды.

Ақтауда мұз айдынымен қамтылған жалғыз сауда орталығы бар. Мәнерлеп сырғанаудан үйірме сабағы аптасына 3 күн осында өтеді. Балалар шағын мұз айдынында 1-1,5 сағат жаттығады.

Қалған уақытта дайындық көшеде жалғасады. Жас фигуристер қиындықтарға қарамастан ел ішіндегі жарыстарда топ жарып жүр. Шетелге барса, барлық шығынды ата-ана көтереді. Шағын мұз айдынын жалға алып, басқа елден жаттықтырушылар шақырту үшін тұрғындар өз күшімен федерация құрған.

Эльнара Сабырова, қала тұрғыны:

Сол федерацияға қазір балаларды жинап, қазіргі таңда 26-27 бала бар. Осы мәнерлеу сырғанауға келіп жүр. Бізге ешкім қолма-қол ақша төлемейді, барлығы да шотқа төленеді. Осы катокқа келіп жүргенімізге 6 жылдан асып барады. Айына балама 150 мыңнан аса ақша кетіп отыр. «Сборға» басқа қалаға барамыз, себебі мұз айдынымыз кішкентай. Ол кезде 300-400 мыңға шығады.

Алена Панкратова, Мәнерлеп сырғанаудан облыстық федерацияның аға жаттықтырушысы:

- Ақтауда кәсіби жаттығатын мұз айдынының жоқтығы жас спортшыларға кері әсер етіп жатыр. Балалар басқа қалаға, шетелге барғанда үлкен мұз айдынында өнер көрсетеді. Бұрын ондай алаңда жаттықпағандықтан, жеткіншек фигуристер тез шаршап қалады.

Мұз сарайының құрылысы қашан аяқталатынын хоккей және керлингпен шұғылданатын спортшылар да асыға күтіп жүр. Көптің көкейін тескен сауалға әзірге тұщымды жауап жоқ. Аймақтың дене шынықтыру және спорт басқармасы мердігермен, яғни кезінде сол тендерді ұтқан чех компаниясымен соттасып жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, жобаның бастапқы құны 4,6 млрд теңгені құраған.

Мақсат Мұқаш, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Құрылысы басталар кезде келісімшарт негізінде жобаның 30% қаржысын мемлекет төлеген. Яғни, 1 млрд 150 млн теңгесін. 2018 жылы сыбайлас жемқорлыққа байланысты осы компания тергеу жұмыстарына тап болады. Құрылысы уақытша тоқтатылғаннан кейін 2020 жылы пандемия басталады. Спорт басқармасы тарапынан бірнеше хат жолданады. Сөйтіп жүргенде, 2021 жылы бұл кісілер 4 млрд 600 млн теңгенің үстіне 270 млн теңге қосымша қаржы сұрайды. Оны спорт басқармасы экономика басқармасына жібереді, бірақ ол қолдау таппады.

Әкімдіктен бөлінген жер телімін игеру мерзімінің аяқталуы жағдайды одан әрі қиындатқан. Қайта қаулы жасалып, құрылыс алаңына инженерлік желілер тартыла бастаған сәтте құрылыс тағы тоқтайды. Шетелдік компания жергілікті мердігермен келісім жасап, жұмысты жалғастыруға тырысқан.   Ал бұл заңға қайшы. Содан бері мәселе құзырлы орган қарауында жатыр. Сот отырысы 16 қарашада өтеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.