Ақтауға Астанадан дәрігерлер барды

Ақтауға Астанадағы Президенттің Іс басқармасына қарасты медициналық орталығынан дәрігерлер келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғары санаттағы нейрохирург, ортопед-травматолог, урологтар денсаулығы сыр берген тұрғындарды орталық ауруханада қабылдап жатыр. Қажет болса, науқастарға күрделі операциялар жасайды. Сонымен қатар маңғыстаулық ақхалатты мамандармен тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды қолдануда шеберлік сағатын өткізеді.

Елордалық медицина қызметкерлері мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Астаналық дәрігерлер бұған дейін Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Батыс өңірлерде қабылдау жүргізді.  

Мыңжылқы Бердіқожаев, жоғары санатты нейрохирург-дәрігер:

- Қазір бір сағаттың ішінде 6 науқасты қабылдадым. Ол науқастар инсульт көтерген, омыртқасында жарақат болған және бел аймағында грыжа жарық болған. Науқастардың біразын Алматыда, Астанадағы біздің Президенттің Іс басқармасындағы ауруханаларға портал бойынша тегін негізде операцияға жолдама бердім. Осы келген сапарымызда әрбір дәрігер 20-дан 100 адамға дейін қабылдау жүргізеді. 10-нан астам дәрігер келді. Солардың барлығы операция жасап, кеңес жүргізіп жатыр.