Жезқазғанда кітапхана ғимараты жаңғыртылды

Ал Жезқазғанда жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қайта жаңғырды.

Сырты мен іші түгел жөнделіп, шатыры толық ауыстырылды.

Жас оқырмандар үшін ыңғайлы аймақтар мен түрлі үйірмелер жұмысын бастады. "Жақсыны көрмекке" дейді. Соның арқасы болар, кітап оқитын балалар көбейіп, кішкентай оқырмандардың саны санаулы күнде төрт мыңға жеткен.

Қаланың шетінде тұратын Айнұр Төлек балалар кітапханасының тұрақты оқырманы. Руханият ордасы қайта жаңғырғалы жиі келеді. Себебі, мұнда оқырман үшін барлық жағдай жасалған. Оқып, көңілге тоқыған дүниені талқыға салып, ой бөлісетін арнайы орын да бар.

Айнұр Төлек, оқушы:

- Мектептің кітапханасына қарағанда иә, айырмашылығы бар. Біріншіден апайлар бізге барынша көмегін білдіреді. Бұл жерде кітап қоры үлкен. Қалаған кітабыңды таба аласың.

Жарты ғасырлық тарихы бар кітапханада 40 мыңға жуық кітап қоры бар. Оның сексен пайызы көркем әдебиет. Кітапхана ұжымы балалардың кітапқа деген қызығушылығын аттыру мақсатында түрлі жобаларды қолға алған. Оқу залынан бөлек қолөнер, сурет салу, шахмат үйірмелері бар. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай «Керемет шеберхана», «Жерұйық», «Атамекен»  секілді тарихи өлкетану клубтары жұмыс істейді.

Гүлназира Сүйіндікова, қалалық кітапханалар жүйесі директорының орынбасары:

- Модернизациядан кейін, айттым ғой жаңа 5 зал ашылды деп. Сол залдарға балалар келед. Кітапханадан оқырман арылып жатқан жоқ. Келу жақсы. Мектептермен жұмыс жасайды, балабақшалармен жұмыс жасайды.

Гүлзада Шомаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Білесіздер қазіргі заманда балалар интернетке кіріп кеткен. Смартфонмен жұмыс жасайды. Ал бұл кітапты қолға алып, оқу енді басқа сезім. Сондықтан, балаларға осы дағдыны қалыптастыру үшін жаңғыртуды балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан бастадық.

Ғимаратты толық жаңғырту үшін жергілікті қазыанадан 35 миллион теңге жұмсалды. Жалпы Жезқазған мен оған қарасты ауылдарда осындай тоғыз кітапхана бар. Келер жылдан бастап олар кезегімен жөндеуден өтеді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева