Суретші Табылды Мұқатов өмірден озды

Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Табылды Мұқатов өмірден озды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Суретшінің туындылары еліміздің музейлерімен қатар Германия, Англия, Франция, Дания мен Канадағы  жеке коллекциялардан орын алды. Атыраудағы мұражай қорында 8 кескіндемелік және 11 графикалық жұмысы сақтаулы тұр.

Суртеші Табылды туындыларының негізгі тақырыбы – өзі туып-өскен орта, ауыл өмірі. Қарапайым шопаннан бастап, алаша тоқып отырған әйел бейнелері шынайылығымен, сыршылдығымен баурап алатындай. Онан өзге, тарихи тақырыптарға арналған шығармаларының өзі бір төбе. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақтың сурет өнерінде қылқалам шеберлері бастаған майлы бояумен тарихи шығармалар жазу Табылдының туындыларында айқын аңғарылады, - дейді әріптестері.

Темірбек Мұқтар, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі:

- Ауыл құмына аунап өскен, сондықтан да ол ағамыздың жұмыстарының көбінде осы ауылдың айшықты бейнелері жақсы көрсетілген. Ол кісінің техникасына тоқталатын болсақ, детальмен жұмыс жасағаннан гөрі, бұл кісіде ірі «мазоктар» өте көп. Ірі, тұтас композициялары мықты, этюдтік реңк деп айтады ғой, батыл жұмыстары өте көп.

Мұқатов Табылды 1947 жылы Атырау обылсына қарасты Орпа ауылында, «Нарын» құмында өмірге келген. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. 1968 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесін, 1973 жылы Украинадағы И. В. Федоров атындағы полиграфия институтын суретші-график мамандығы бойынша бітірген. Саналы өмірінің басым бөлігін сурет өнеріне арнаған өнер иесі баспа саласында кітап көркемдеу бөлімдерінде редактор-суретші қызметтерін атқарды. Ол  безендірген кітаптар бүкілодақтық, халықаралық көрмелерде дипломмен марапатталған.   

Төлеген Орынбасарұлы,  Ш. Сариев атындағы облыстық өнер музейінің басшысы:

- Табылды Мұқат Алматы қаласында тұрса да, туған жерімен ешқашан байланысын үзген жоқ. Соңғы үлкен «Құм жазуы» тақырыбымен өткен шығармашылық көрмесі 2018 жылы Атырау облыстық Шаймардан Сариев өнер музейі ұжымының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл көрмеге Табылды ағамыз үлкен жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келді. Әлі күнге дейін Табылды Мұқаттың шығармалары музей қорында сақтаулы тұр.

Сондай-ақ суретшінің туындылары еліміздің музейлерімен қатар Германия, Англия, Франция, Дания, Канада секілді елдерде жеке коллекциялардан орын алды. Атыраудағы музей қорында 8 кескіндемелік, 11 графикалық жұмысы сақталған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.