БҚО-да 382 адамның жалақысы субсидияланып жатыр

Биыл Батыс Қазақстан облысында «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында 1700 квота бөлінді.

Әлеуметтік бастаманың шарттарына оң өзгерістер енгізіліп, мамандарға жаңа мүмкіндік ұсынылып жатыр. Ал зейнеталды жастағы жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» бағдарламасы негізінде 300-ден астам адам еңбекке тартылды. Олардың жалақысы мемлекет бюджеті есебінен субсидияланады.

Арина бағдарламашы мамандығы бойынша арнаулы оқу орнын былтыр тәмамдаған. Биыл қыста «Жастар тәжірибесі» жобасы шеңберінде мансап орталығына уақытша жұмысқа қабылданыпты. Бұл аралықта міндетіне жауапкершілік танытып, жоғары қабілетін байқатқан жас маманды мекеме басшылығы жақында тұрақты қызметке алды.

Арина Айбекқызы, мансап орталығының маманы:

- Практика тиімді болды. Даже өте десем болады. Себебі «Жастар практикасында» алған тәжірибемнің арқасында мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында жұмыс істеймін. Кәсіпкерлерді біз субсидиялау жөнінде және қайтарымсыз мемлекет тарапынан берілетін грант бағытында жұмыс істейміз.

Бұл жобаға енді 35 жасқа дейінгі мамандар қатыса алады. Тәжірибеден өту мерзімі де бір жылға ұзартылды. Облыста қазір 1200 адам осы әлеуметтік бастаманың игілігін көріп жатыр. Ал 50 жастан асқан жұмыссыздарға «Күміс жас» бағдарламасы кең жол ашты. Бүгінгі таңда мұндай әдіспен 382 адамға қолдау көрсетілген.

Гүлнәр Мырзашева, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі:

- Бұл жоба деген өте маңызды жоба екен. Жақсы. Осындай адамдарға керек нәрсе. Өзім ризамын осы жұмысқа. Мұнда 30 бала тәрбиеленеді. Бірақ олар сағатпен-сағатпен келеді ғой. Сағат сайын 5 баладан, 6 баладан. Солармен жұмыстанамын.

Биыл өңірде «Жастар тәжірибесі» жобасына 540 млн, ал «Күміс жас» жобасына 207 млн теңге бөлінген. Жас мамандардың жалақысы толығымен мемлекеттік бюджеттен төленсе, зейнеталды жастағы жұмысшылардың еңбекақысы 3 жылға дейін субсидияланады.

Аэлита Әбілхайырова, еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Бірінші жылы 70 пайыз субсидияланса, екінші жылы 65, үшінші жылы 60 пайызы субсидияланып, 50 жастан асқан азаматтарға үлкен мүмкіндік. Осы үш жыл бойы сол жерде жұмыс берушіге өзінің жұмысын көрсетіп, зейнетке шыққанға дейін сол жерде тұрақты жұмысқа қалуға үлкен мүмкіндігі бар. 

Шілде айында аудандарда Мансап орталығы құрылғалы бері 41 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, қазір соның 25 мыңнан астамы әлеуметтік шаралармен қамтылған. Әр мансап орталығында мобильді топтар жасақталып, шалғайдағы елдімекендер мен агроқұрылымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов