Еліміздің оңтүстік өңірлерінде көкөніс қоймасы жетіспейді

«Бұл баға саясатын бақылауда ұстауға кері әсер етеді», - дейді мамандар.

Мысалы маусымаралық кезеңде шаруалар өнімнің 38%-ін ғана сақтайды. Ал қалған көкөніс пен жеміс-жидек көктемге дейін жетпейді. Ал мұның соңы қымбатшылыққа әкеледі.  Осыған байланысты салаға жауаптылар инвесторлар тартып, қоймалардың қуатын арттыруды ойлап жатыр.

Биыл көктемде ауа температурасы күрт төмендеп, шаруалар қиналып қалды. Егістік науқанына ерте қамданған Қанат Төлеповтің қырыққабат алқабы үсіп кетті. Өнімді жылдағыдан екі есеге аз жинады. Сондықтан оны сақтап, асықпай саудалау тиімсіз екенін айтады.

Қанат Төлепов, диқан:
- Дайын тауарлардың бәрін өзіміздің базарларға апарып сатамыз. Оптом береміз, өздері келіп алып кететіндер бар. Маған негізі сақтау қоймасы керек емес. Менің тауарым аз, өнім аз болады. Басқа көп егетіндерге ол қолайлы ғой. Сақтағанға не жетсін. Қыста сатады.

Ал қала іргесіндегі 45 гектар қарқынды бауда алма, алмұрт, шабдалы мен жүзім өсіріледі. Шаруашылық иелері дайын өнімді сақтау үшін заманауи қойма салып, тауарды терең өңдейді. Кәсіпкер өндірісті жетілдірудің арқасында жемістердің жарамдылық мерзімі 1 жылға дейін ұзарғанын айтады.

Абдуахат Ырсынбетов, кәсіпкер:
- Италия мен Түркияның технологиясында жасалған. Ол жерде қанша температура керек, қанша дәрежеде ұстау керек бәрі көрсетілген. Содан кейін су шашатыны бар ішінде. Жалпы барлық технология қазіргі заманауиға сай. Бұл қойманың өте маңызы көп.

Мемлекет тарапынан мұндай жобаларды жүзеге асыруға жеңілдетілген пайызбен несие қарастырылған. Сондай-ақ құрылысқа жұмсалған қаражаттың 25%-ін өтеуге субсидия беріледі. Ал келер жылдан бастап кешенді жоспар аясында инвестициялық шығынның жартысын өтеу көзделген. Мамандардың сөзінше мемлекеттік қолдау шаралары заманауи қоймалардың қуатын арттыруға сеп болмақ.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:
- 50% дейін қазір көтеріп жатырмыз көкөніс сақтау қоймаларын. Өйткені оның маңыздылығы қазір артып отыр өздеріңіз білесіздер. Өйткені маусымаралық кезеңде көкөністің тапшылығы, тікелей бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін. Баға өсуі біздің инфляция, индекске әсер етуі мүмкін. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында осындай көкөніс сақтау қоймаларын салуды жүзеге асырып жатырмыз.

Осы мақсатта сауда-логистикалық аумақта 5 бірдей көкөніс пен жеміс-жидек қоймасының құрылысы басталды. Биыл екі бірдей нысан іске қосылса, қосымша 22 мың тонна ауыл шаруашылық өнімдерін сақтауға мүмкіндік туады.

Түркістан облысында да заманауи қоймаға деген қажеттілік жоғары.  

Әлібек Плалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Өңірімізде жалпы 81 мың тоннаны құрайтын 27 бірлік көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма бар. Қазіргі таңда арнайы іс-шара жоспары бекітілген Ауыл шаруашылық министрлігі тарапынан. Яғни 2023-2025 жылдарға дейін қосымша біз 92 мың тоннадан астам қойма салу жоспарланып отыр.

Биыл аграрлы аймақта 18 мың гектар алқаптан 92 мың тонна ауыл шаруашылығының өнімі жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда түсім анағұрлым аз. Бірақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету көкөніс қоймасы күн тәртібінен түспейді. Мамандар жыл соңына дейін сыйымдылығы 28 мың тоннаны құрайтын 7 нысан іске қосылатынын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов