Елімізде қылмыс деңгейі 13% азайды

Елімізде соңғы 10 айда қылмыс деңгейі 13%-ға азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қадағалау органдарында жүзеге асырылған қылмыстық процестің 3 деңгейлі моделінің жемісі. Себебі прокурорлар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында жұмысын жүйелендіре түскен. Мәселен, айыптау актілерін жасау бойынша прокурорлардың құзыреті кеңейтілген.

Қадағалау органдары берген мәліметке сүйенсек, соңғы айларда ауыр қылмыстар, ұрлық-қарлық, бұзақылық сияқты заңсыздықтар едәуір азайған. Бұл тұста қылмыстық процестің 3 буынды моделі оң әсер ете бастаған. Президент тапсырмасымен іске асқан реформа құқық қорғау жүйесіне жаңа серпін берді. Қазір тергеу органы, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер нақтылана түскен. Мұндағы процестер цифрландырылып, электрондық форматта өтеді. Бұл заңсыздыққа жол бермей, істің ашықтығын көрсетеді. Прокурор бұл механизмде дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді.

Сұлтан Батталов, Бас прокуратура қызметінің басқарма прокуроры:

- Азаматтардың құқықтарын жедел қорғауға мүмкіндік беретін тікелей сүзгі құрылды. Мәселен, реформа уақытында миллионнан астам шешім прокурорлық сүзгіден өтті. Прокурорлардың жедел әрекеттері қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын қозғайтын 92 мыңнан астам заңсыз процестік шешімдерді қабылдауға жол бермеді. 6 мыңнан астам адамның қылмыстық орбитаға негізсіз тартылуы уақытында тоқтатылды.

Прокурорлардың айыптау актілерін тікелей дайындауы қылмыстық процестің объективтілігін арттырып отыр. Өз кезегінде тергеуші тергеп-тексерудің аяқталғандығы туралы есепті прокурорға жібереді. Нәтижесінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы 30%-ке азайған. Оның ішінде ақтау үкімдерінің саны 19%-ке кеміді.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратура қызметі бастығының орынбасары:

- Қадағалау органдары азаматтардың конституциялық құқын қорғау мақсатында жауапкершілігін арттыра түсті. 3 деңгейлі модельді енгізгеннен кейін прокурорлардың жұмысы қайта құрылды. Прокурорлық қадағалау мен ведомстволық бақылау күшейтілді. Бұл тергеушінің де, прокурордың да шешім қабылдау тиімділігін арттырады.

Бүгінде тек айылын жимай тұрған – интернет алаяқтары. Қабылданған  шараларға қарамастан алаяқтардың кесірінен қылмыс 3 есе өскен.  Қаскүнемдер банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімін деп жалған ақпар беріп, түрлі айла-тәсіл ойлап тауып жатыр. Бұл тұста құқық қорғаушылар азаматтарға аса сақ болу қажеттігін айтып, тағы бір мәрте қаперге салуда.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мейрам Жүнісов.