Елдің орнықты дамуы сараланды

«Qazaqstan: орнықты даму жолында». Сенат жанындағы жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебінің» түлектерімен бірлесіп осындай атаумен жинақ әзірлеп шығарды.

Бүгін аналитикалық материалдар көпшілікке таныстырылды. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына қатысты еңбектер енген.

Елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кешенді зерттеулер мен тың ұсыныстар қажет. Бұл сапалы талдау, орынды шешімдер қабылдау және белгілі бір саланы дамытудың неғұрлым тиімді жолын таңдау үшін қажет. Қазақстанның орнықты дамуын зерделеген жинақта экономика және елдің әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне терең талдау жасалған.

Эльмира Отар, әлеуметтанушы, PhD:

- Жастардың қазіргі жағдайын анықтап, шетелдік тәжірибелерді қарастырып, еліміздің өзіндік ерекшеліктерін нұсқауға алып ұсыныстар бердік. Өте қызықты зерттеулер шықты. Бұл жинақтың ерекшелігі ғылыми-эксперттік сараптан қарастырылған. Тек мемлекеттік құжат емес, ғылыми құжат.

Бұл ғылыми жинақ аймақтардағы менеджерлер үшін әдістемелік құрал болмақ. Өңір экономикасын дамытудың тың тәсілдері енгізілген зерттеу құралы әзірге 300 данамен жарыққа шықты.

Фатима Герфанова, "Өңірлік зерттеулер орталығы" ЖШС директоры:

- Біз өңірлерде стратегиялық жоспарлау жағы дамымағанын байқадық. Осыны негізге ала отырып, саланы цифрландыруды ұсынамыз. Елімізде Smart Data Ukimet платформасы бар. Осы цифрлық алаң арқылы аймақтардың даму қарқынын анық көруге болады. Кластерлік дамуға баса назар аударып, инновациялық жобаларды белсенді дамыту қажет деп санаймыз.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев былтырғы Президент сайлауынан кейін елімізде саяси жүйе кешенді түрде жаңғыртылғанын атап өтті. Мемлекеттік құрылымның демократиялық және орнықты үлгісіне көшу үдерісі басталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсетінін айтқан болатын. Бұл тұста кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет.

Сенат 2020 жылдан бастап заң шығару қызметі аясында сарапшылармен тығыз байланыс орнатқан.  Жас сарапшылар клубының мүшелері Палата Комитеттерінің жұмыс топтарымен парламенттік тыңдауларға жүйелі қатысып келеді.  Әр тоқсан сайын өзекті мәселелер талқыға салынады. Нәтижесінде кешенді ұсынымдар әзірленеді. Бүгінде аталған екі алаңда 150 жас маман жұмылдырылған.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақоишиев