Өскемен жатақханаларында өрт қаупі жоғары

Өскемендік өрт сөндірушілер жатақханада шыққан өртті сөндіру тактикасын пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпқабатты нысан, тар дәліз, бір емес, бірнеше бөлмедегі адамдарды құтқару керек. Жедел әрекет етпесе болмайды. Жаттығу кезінде кедергілер болды. 400 адам тұратын жатақханада қосымша есік жоқ болып шықты. Соған байланысты  басшыларға ескерту жасалды. Электр сымдары да дұрыс жүргізілмеген.

Кейінгі 3 жылда жатақханалардан 3 рет өрт шыққан. Адам тығыз орналасқан ғимараттарда жалынды өшіру қиын, - дейді құтқарушылар. Сондықтан тиісті талапты сақтаған жөн.

Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Өрт қауіпсіздігі талаптары ескерілмейтін жайт көп. Мәселен, тұрғындар артық заттарын дәлізге үйіп тастайды. Сөйтіп, онсыз да тар жер өтуге тіпті ыңғайсыз боп тұрады. Электр сымдарына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал ол нағыз қауіп көзі емес пе?!