Жетісу облысының құрылғанына бір жарым жыл

Дейтұрғанымен экономиканың әр саласында оң өзгеріс бар.

10 айда өңірге 240 млрд теңгеден аса инвестиция тартылған. Құрылыс пен өндірісте де айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Халықтың дені ата кәсіптен нәпақа тауып отыр. Аймақтың ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштерін өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақ басшысы Бейбіт Исабаев баяндады.

Жетісулықтар ата кәсіпке адал. Сондықтан алдымен агроөнеркәсіптің аяқалысын айтамыз. Биыл 31,9 млрд теңге саланы дамытуға жұмсалды. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын өркендету күн тәртібінде тұрғанын айтты. Әсіресе диқандардың жағдайы назарда. Биыл 870 мың тонна астық қамбаға құйылды. Әр гектардан 27 центнер өнім алынды. Бұл - республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен, түйткіл де бар. Күн райының қолайсыздығынан титықтаған шаруалар, өнім сатуда біраз әуреленді. Жүгері еккен жұрттың жанайқайынан облыс әкімі хабардар.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Қазіргі басы артық қалып отырғаны 40-50 мың тоннаның шаруасы. Оны біз уызмай мен Экспоастық екеуі Тәжікстанға, Өзбекстанға. Қытайға өткізу жөнінде келісімшарттарға қол қойып отырмыз. Жылдың аяғына дейін бұл мәселені толық шешеміз.

Жетісу облысында 250 мың га жер мемлекетке қайтарылды   

Өңірде 4 млн 700 мың гектар ауылшаруашылық жері бар. Бірақ дені игерусіз жатыр. Аймақ басшысы жауапсыз тұлғалар қатаң жазаланатынын жеткізді. Айталық биылдың өзінде заңды белшесінен басқан 6 ірі жер иеленуші жауапқа тартылған. Ал жыл ішінде мемлекетке қайтырылған жер көлемі 250 мың гектарға жетті. Бұдан былай жерді бөліп беру барынша ашық болуы қадағаланады, деді облыс әкімі.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Сонымен қатар 401 мың га мен айтқандағыдай жердің иелеріне ескерту жібердік. Олардың мерзімі осы желтоқсандай аяқталады. Одан бөлек, 90 мың га жерді қайта экономикалық айналымға енгіздік. Яғни, олар малының бар екенін дәлелдеді. 30 мың га жерді біз конкурс арқылы ЛПХ дейді ғой, ауылда малын ұстайтын азаматтарға жайылым ретінде бердік. Сонда қазір қалғаны 102-103 мың га жерді тағдыры белгісіз боп жатқан жер оны келесі жылға қалдырдық.

Облыста ауылшаруашылық өнімін өңдейтін 120 кәсіпорын бар. Биыл олар 23 пайызға артық өнім өндірді. Үш жыл тұралап тұрған Ақсу қант зауытының қайта іске қосылуы да ел үшін елеулі жайт. Бұл да маңызды саланың тамырына қан жүгіртуге тиіс.

Авторы: Назерке Тоқжан