Алматыда кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді

Алматыда шағын және орта бизнес нысандарының саны 25 пайызға артып, 341 мыңға жетті.

Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші осындай. Мамандардың айтуынша шаһарда іскерлік белсенділік жоғары. Бұл кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Бизнесті субсидиялау, кепілдік беру және несие беру жалғасып келеді. Әсіресе, қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнес иелері осындай көмектің арқасында кәсібін қайта дөңгелеткен.

Алматылық кәсіпкер Диана Айдархан онлайн саудамен айналысады. Тұрмыстық техника сатады. Қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар оның кеңсесін қиратып,

қоймадағы тауарды көтеріп кеткен. Ал басқасы жарамсыз болып қалған. Сол кезде Диананың жеке кәсіппен айналысқанына 2 жыл ғана болған. Аяғына енді тұра бастаған. Осы оқиғадан кейін салы суға кетіп, біраз уақыт өзіне келе алмапты. Бірақ күш-жігерін жинап, жұмысына қайта кіріскен. Үкімет те шығынды өтеуге көмектеседі.

Диана Айдархан, кәсіпкер:

- Бүкіл қымбат компьютерді алып кетті. Квадрокоптер, видео түсіретін заттар. Камераларды, қымбат наушниктерді, қымбат пылесос алып кетті. Біздің мемлекет көмектеседі деген хабар естідік. Бірнеше рет қандай документтер жинау керек екенін, қандай құжаттар беру керек екенін қарадық. Бүкіл құжаттарды жинадық, содан соң ақпанның басында көмек алдық. Біздің шығынымыз сол уақытта қаңтарда 7 миллиондай болды. Мемлекет бізге 5 млн-дай көмек берді.

Қаңтар оқиғасы кезінде 350-ге жуық нысан бүлінді. Соның оны әкімшілік ғимарат. Олардың қатарында қалалық әкімдік, прокуратура, телеарна мен полиция департаментіне қарайтын 6 нысан бар. Ал 327-сі шағын және орта бизнес субъектілеріне тиесілі болды.

Руслан Кемелбаев, қалалық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Көбіне қаланың орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандары мен әкімшілік ғимараттар бүлінді. 192-сіне ағымдағы, тағы  6 нысан күрделі жөндеуден өтті. Әкімдік ғимараты түгелдей жаңаланды. Ал «Қазақстан» телеарнасының ескі ғимараты   қайта салынып жатыр. Президенттің Алматыдағы резиденциясын қалпына келтіру мүмкін болмаған соң, оны бұзу туралы шешім қабылданды. Орнына саябақ салынады.

Алматы - негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада көш басында тұр. Қала экономикасының басым бөлігін, яғни 60 процентін  шағын және орта бизнес құрайды. Бұл салада 900 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Сондықтан, қаңтардағы жағдайдан кейін бизнеске жедел түрде көмек көрсету маңызды еді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон