БҚО-да көкөніс сақтайтын қойма қажет

Батысқазақстандықтар биыл 150 мың тоннадан астам көкөніс және өзге де бақша дақылдарын жинап үлгерді.

Алайда өнім сақтайтын қойма аз. Аймақ билігі бұл мәселені алдағы үш жылда кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл – картоптың «гала» сұрпы. Мұнда 5 мың тоннадай өнім бар екен. Картоп көктемге дейін сақталады. Қазір мына жерде, мінекей, көлеміне қарай өнім сұрыпталып жатыр.

Сергей Решетников, серіктестік директоры:

- Биыл картоп егетін алқаптың көлемін 80 гектарға ұлғайттық. Нәтижесінде өнім де молая түсті. Келер жылы қосымша қойма салуды жоспарлап отырмыз. Сонда қазіргіден екі есе көп өнім сақтауға болады. Өнімдер бірінші кезекте жергілікті нарыққа шығарылып жатыр. Соның ішінде көбін облыс орталығындағы сауда желілеріне жеткіземіз.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін өндірушілерге тұрақтандыру қорынан 5 млрд астам теңге бөлінген. Оларға қойылған басты талап – өнімді арзанға сату.

Мейірбек Нүркен, ӘКК Тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры:

- Бұлар қазір картопты 100 теңгеден сатып жатыр, сәбізді 120 теңге, пиязды 112 теңгеден сатып жатыр. Сонымен қатар 2024-2025 жылдарға алдын ала, яғни, осы көкөніс өнімдерін алдын ала дайындау үшін жерлеріне бұларға қосымша қаражат бердік. 2024-2025-ке 4 мың тоннадай өзіміздің келісімшартымыз бар. Яғни, алдағы уақытта осындай бағамен аталған өнімдерді бересіздер деп.

Биыл облыста 63 мың тонна картоп, 59 мың тонна көкөніс және 31 мың тонна бақша дақылдары жиналды. Алайда оның бәрін талапқа сай сақтайтын орын тапшы.

Кеңес Қайдашев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде қазір 32 картоп пен көкөніс сақтау қоймалары бар. Сол облысты 80 пайызға қамтып отырмыз қазіргі кезде. 2026 жылға дейін жоспарлар бар, салу жоспарлары. Сол кезде біздер өзіміздің облысты 100 пайызға қамтимыз.

«Қазір аймақ тұрғындарының картопқа сұранысы толық қамтылды. Ал орамжапырақ пен сәбізге деген негізгі қажеттілік жартылай жабылған. Алдағы үш жылда кемінде 17 қойма салынса, жергілікті нарықта мұндай тауарлар тапшылығын реттеу мүмкін болады», - дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов