Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдар мен балаларға қандай қолдау көрсетіледі?

Қоғам дертіне айналған есірткі мен ішімдікке кейінде лудомания қосылды.

Мектептегі әлімжеттік тағы бар. Бұлардың соңы зорлық-зомбылыққа әкеліп соғады.

Енді мұнымен қалай күресуге болады? Қандай шара бар? Елде балаларды қорғаудың кешенді жоспары қабылданған. Психологиялық қызметтің жаңа қағидаттары бекітілді. Бұлар не береді?

Жаңа оқу жылы басталған 3 айда Павлодардағы №26 мектепте ашылған педагогикалық қолдау орталығына 20-дан аса ата-ана көмекке жүгінген. Әрбір шағымның артында мұқият зерттеуді, терең үңілуді қажет ететін үлкен мәселе жатыр. Ол мектеп пен үйдің ортасында қалмауы тиіс, - дейді орталық қызметкерлері.

Әслима Медетова, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөнінен орынбасары:

- Біз осы аптада 1-4 сынып ата-аналары үшін «Тәрбиедегі қателіктер» атты тәжірибелік кеңес өткіземіз. Туындаған барлық мәселені ата-аналармен бірлесіп талқыға саламыз. Бұл орталыққа педагогикалық зертхана түрінде қарауға болады.

Бала айналасына немқұрайлы қарайтын болса, еш нәрсеге қызықпаса, онда дабыл қағу керек. Психологтар жеткіншектердің мінез-құлқы көп нәрседен хабар беретінін айтады. Әсіресе отбасындағы кикілжің жас балаға қатты әсер етеді.

Ирина Карпова, психолог:

- Тұрмыстағы кейбір жағдайлар балаларды психологиялық сүйемелдеуге алып келеді. Ол дегеніңіз – баланың өмір сүру ортасын зерттеу. Қалыпты жағдайға сәйкес келмей жатса, өзгеріс енгізуге ұмтылу. Демек баланың жан дүниесіне әсер ететін жайттарды анықтап, көмек көрсету.

Раушан Әлкенова 4 баласымен дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Күйеуінен жәбір көрген әйел Қостанай облысынан келген.

Раушан Әлкенова, дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Күйеуімнен қашып кеттім балаларыммен бірге. Қатты ұрды, зиян нәрселерді қабылдады. Балаларды ұра бастады. Сол үшін кетіп қалдым. Мұнда келгенде киімім де болған жоқ.

Биыл орталыққа келгендердің дені – көпбалалы аналар. Осымен 11-ші рет көмекке жүгінген, қазір 7-ші баласына аяғы ауыр мына әйелден күйеуі баға алмаймын деп бас тартқан. Ал осында ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүрген Вера Косоногованың күйеуі құмар ойынға салынып кеткен. Бір қызығы ақша ұттырмайды, ішімдік ішпейді. Тек ойыннан жеңіліп қалса, өшін әйелі мен балаларынан алады. 

Вера Косоногова, дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Онлайн желісі бар «of tanks» деп аталады. Біз онда 8 жыл ойнадық. Мұның бәрі бастапқыда зиянсыз болып көрінді. Бірақ жүйкесіне қатты салмақ түсірді. Бүгінгі күні ойынсыз өмір сүре алмайды. Өзгергені соншалық, өз-өзіне ие бола алмайтын жағдайға жетті.

Мұнда келетіндер 2 топқа бөлінеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер және қиын жағдайға тап болғандар.    

Айнаш Ілиясова, дағдарыс орталығының директоры:

- Дағдарыс орталығына кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көргендер мен қиын жағдайға тап болғандар. Оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бізде тегін тұрады, 5 рет тамақтанады.

Бір жылда 349 адам орталықтың көмегіне жүгінген. Ол – 110 әйел мен 239 бала. 50 орынға шақталған мекеменің бөлмелері тар, ғимараты ескі. Орталық директоры Айнаш Ілиясованың айтуынша, балаларды мерекелік жиындарға апаратын автобус жоқ. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.