Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай митинг өтті

«Болмасын әйел назалы, болмасын әйел жазалы!» Ақын Жүсін Ерманның осы бір жыр жолдары – бір есептен қазіргі қоғамның мәселесі.

Алматыда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай митинг өтті. Бейбіт акцияға 200-ден астам адам келген. Олар қыз-келіншектер мен мен балаларды қорғауға үндеді. Кісі қолынан опат болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, түрлі оқиғалар жайында айтты.

Митингте марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары да болды. Жиынды «Жаңа адамдар» қоғамдық қозғалысы ұйымдастырған. Олар әйел-анаға қол көтерген қылмыскерлер лайықты жазалануы керек дейді.

Дінмұхаммед Қаматай, қоғам белсендісі:

- Менің ойымша, осы соңғы жарты жылда болған істермен біз Қазақстанның жаңа болашағын құруымыз керек. Өйткені әділетсіздік 30 жыл бойы көп көрдік. Енді жаңа Қазақстан құру үшін бүкіл қоғам белсенділері, барлық халық соны талап етуі тиіс. Тирандарға, агрессорларға, әділетсіздік жолында адамдарды қанайтындардың бәрін жазаға тартуымыз керек. Әсіресе біз әйел қауымын қорғауымыз керек деп есептеймін.