Ұлытау облысындағы 30 ауылда ұялы байланыс жоқ

Шалғай елдімекендердегі 10 мыңнан астам адам әлі күнге сапасыз интернет тұтынып отыр. 

Ауылдарды былай қойғанда, Жезқазғанды өзге өңірлермен жалғайтын республикалық жолдардың бойында байланыс жоқ.

Қызылордалық Аслан Бексұлтанов Ұлытауға жиі қатынайды. 5 жылдан бері екі арада мал азығын тасымалдайтын ол «жолдың машақаты өз алдына, байланыстың жоқтығы қиын болып тұр» дейді. Көлігі талай рет сынып, жолда қалған. Себебі, 400 шақырымдық жол бойында ұялы байланыс жоқ.

Аслан Бексұлтанов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Көбінесе көлігіміз сынып жатады. Қосалқы бөлшек алдыру үшін немесе екінші адамға хабар беру үшін,  үймен хабарласу үшін байланыс қиындап жатады. Ол жалғыз менің жеке меселем емес, жалпы халықтың мәселесі. Ең болмаса жолдан бұрын сол жерлерге интернет жасап берсе.

Жезқазған-Қарағанды күрежолында да байланыс бірде бар, бірде жоқ. Осы жолдың бойында жатқан Жаңаарқа ауданындағы 12 ауылдық округтің 2-еуінде интернет жоқ, тең жарымында сапасы төмен.

Әсет Аманжолов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Оптикалық-талшықты интернет желісі осы Айнабұлақ, Ақтау ауылдарында қосылмаған. Және бұл аймақтарда мобильді интернет жоқ деп айтуға болады. интернет желісін тарту үшін бағаналар орнату бойынша ұсыныс облысқа жіберілген болатын. Алдағы уақытта облыс, республика тарапынан қолдау болады деген сенімдеміз.

Жалпы облыстағы 80 елдімекеннің тек 31 пайызы 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген. 2 мыңға тарта тұрғыны бар 30 ауылда ұялы байланыс пен мобильді интернет жоқ. Осы ауылдарға ұялы байланыс орнату үшін облыс әкімдігі байланыс операторларымен бірлесе жол картасын әзірлеген.

Ғабиден Дүкенбаев, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:

- 250 ден астам халқы бар 19 ауылдық елдімекен таңдап алынды. Оның нақтылаған себебіміз – 2024 жылы бірінші кезекте осы ауылдарды қосамыз деп жоспарлап отырмыз байланыс операторларымен бірлесіп.

Жақында облыс әкімдігі мен отандық телекомуникация компаниясы интернетті дамыту бойынша өзара меморандум жасады. Сапалы интернет күткен тұрғындар содан үмітті. Аталған құжат шеңберінде келер жылы Жезқазғанда 5G желісі іске қосылады.

Елдос Кәкенов, тілші:

- «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстағы 650 шақырымнан астам жол бойына ұялы байланыс пен интернет тартылады. Ол үшін Жезқазған-Қызылорда, Жезқазған-Арқалық және Жезқазған-Қарағанды тасжолы бойына 15 діңгек-антенна орнатылады. Қазір жергілікті әкімдік оның сметалық жобасын жасауға кірісті. Жоба алдағы 3 жылда жүзеге асады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев

Сондай-ақ...