Қызылша жұқтырғандар саны 18 мыңнан асты

Қызылшаның қарқыны бәсеңдер емес.

Елде ауру жұқтырғандардың саны 18 мыңнан асты. Күніне 200-300 адам дертке шалдығып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Әсіресе Алматы, Атырау, Жамбыл облыстары мен Астана қаласында жағдай күрделі. Науқастардың 65%-ы 5 жасқа да толмаған. Осыған байланысты ведомство екпеге арналған жоспарын қайта қарады. Айта кетейік, 6 қарашадан бастап елде 130 мың бала вакцина қабылдады. Тізімде барлығы 1,5 миллион адам бар. Бұның ішіне балалар да, ересектер де кіреді.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы:
- Қазір елде қосымша вакциналау 6 айлық балалардан басталады. Ал екінші топқа 2 жастан 4 жасқа дейінгі сәбилер кіреді. Екпе барлық өңірде жеткілікті, тапшылық жоқ. Ата-аналардың рұқсаты ғана керек. Бұған дейін хабарлағандай 500 мың екпе алынды. Енді желтоқсан айында тағы 1 млн вакцина келеді.