Талдықорғанда бүлінген ғимарат қалпына келтірілді

Құлаған ескерткіш, отқа оранған әкімдік, орталық алаңда өртелген көліктер.

Былтырғы жыл талдықорғандықтардың жадында осындай жантүршігерлік көрініспен есте қалды. Қасіретті «Қаңтар оқиғасына» кейін арада шамамен екі жыл өтті.

Алмабек Отарбайұлы алғашқылардың бірі болып орталық алаңға жеткен  фельдшер. Тәжірбиелі маман соққыға жығылған жас сарбазға медициналық көмек беріп оны ауруханаға жеткізген.

Осы сәттен бастап ол әріптестерімен бірге бірнеше күн бойы қауіпті жағдайда қызмет етті.

Алмабек Отарбайұлы, жедел жәрдем қызметінің нұсқаушысы:

- Қаншама халық көтеріліп жатты. Қаншама соққы болып жатты. Атыс болып жатты. Жігіттер өзінің өміріне қауіп қатерге тігіп көмек көрсетті. Жиырма бір бригада жұмыс істеді. Күні түні тоқтамай. Түскен шақыртудың бәріне баруға тырыстық енді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те сол күндері орталық алаңда болған. Қызбалыққа салынғандарды сабырға шақырып, дүрмекке ергендерді тоқтатуға тырысқан. «Оқиғаны ой елегінен өткізген ақсақал қаңтардағы жағдай енді қайталанбауы керек», - деп есептейді.

Ермек Келемсейіт, Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Осыдан алатын тәлім болашақта осыған бармау керек. Бүгінгі күні бейбіт өмірдің құндылығын бағалауымыз керек. Сонда біздің болашағымыз жақсы болады. Балалардың өмірі дұрыс болады.

Болат Молдабеков, қала тұрғыны:

- Әркім өзінің өмірдегі орнын білу керек. Заңды сақтау керек. Заңға бағынсақ заң жүзінде жүрсек ешқандай болмайды. Мемлекетіміз де өсіп өркендейді.

Қаңтардың бесіндегі бейбіт шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Салдарынан орны толмас қайғылы жағдайлар тіркеліп, бірқатар мекемеге шабуыл жасалды. Қалалық полиция басқармасы мен департаменті бас-иесіз қалып, қылмыстық атқару жүйесінде қарулы қақтығыс болды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қаңтар оқиғасы кезінде ең қатты бүлінгені мына менің ту сыртымда тұрған Жетісу облысының әкімдігі. Мемлекеттік мекеменің ішіндегі дүние мүлік тұтастай тоналып, артынша өртелді. Әкімшілік нысанды қалпына келтіруге 5,4  млрд теңге жұмсалды.

Әкімдік ғимараты бір жарым жылда тұтас жаңартылып, қажет техникамен жабдықталды. Қыркүйек айында қолданысқа берілді.

Талап Шаухаров, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Жалпы ауданы 9800 шаршы метр. Бұның ішінде 300 бөлме бар. 153 кабинет қалғандары акт залы, азаматтарды қабылдайтын орталық. Қазір бұрынғыға қарағанда ішкі өзгерістер орын алды. Кабинеттердің аумағы өзгерді.

Қаңтар оқиғасы кезінде шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер де зардап шекті. Себебі сауда орындары тоналып, ғимараты бүлінді. Келтірілген шығынды өтеуге ел қазынасынан 5,6 млн теңге бөлінді. Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов