Ақтөбе облысында ескі бөгеттер жөнге келеді

Көкөніске сұраныс жоғары.

Әсіресе осындай қыстың күні құны арта түседі. Ақтөбе облысы мәселені түбегейлі шешу үшін суармалы алқаптар көлемін ұлғайтуға кіріскен. Мысалы, Әйтеке би ауданында екі бірдей гидротехникалық құрылғы бастан-аяқ жөнделді. Енді бұл маңайдағы шаруалар судан тарықпауы тиіс.

Жыл сайын ауласына бақша егетін Жанділда Тотаев соңғы кездері су мәселесінің өзекті болғанын айтады. Тіпті еккен дақылды шығару үшін тіршілік нәрінің тапшы болған жылдары да есінде. Ал бұл Талдысай ауылы бұрын егін мен көкөніс түрлерін мол егіп, балық шаруашылығымен айналысқан еді. Себебі елді мекен маңында жауын мен еріген қар суын ұстайтын бөгет болған. Алайда кейін бұзылған соң су жетіспеушілігі сезілген. Енді бөгетті қайта тұрғызу ісі жүріп жатыр. 

Жанділдә Тотаев, Талдысай ауылының тұрғыны:

-Жұрттың бәрі осы суға зәру болып жатыр ғой өзі. Мына бірінші отделение жағында да сол станциядан су алатын адамдар бар. Бізге бөте бұл көп жылдан бері мұқтаж нәрсе еді.  Огородқа пайдаланамыз, малға пайдаланамыз, сосын жауынның болуына пайда болады.

Ауыл маңындағы «Тереңсай» бөгеті өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Тозығы жеткен соң, бүгінде күрделі жөндеуден өтіп жатыр.  Мамандардың есебінше, мұнда шамамен 300 мың текше метр су жинауға болады. Ал артығы жақын маңда ағып жатқан Ырғыз өзеніне бағытталады. Су толық мөлшерде жиылған кезде Талдысайдан өзге, аудан орталығы Жүргенов ауылының қажеттілігін де өтеуге жетеді. Екі елді мекенде бүгінгі күні шамамен 7 мыңнан астам тұрғын бар. Арасында көкөніс пен бау-бақша өсіру үшін техникалық судан өзге, ауыз суды да тұтынып отырғандары аз емес.

Саламат Әбілов, Т. Жүргенов ауылдық округінің әкімі:

-Ауылдың ішінде шамамен 400 аула бар, орталықта 1400 аула бар. Ал одан бөлек бау-бақша егетін 20 шақты қожалық бар. Соның барлығына су көзін тарту мақсатында жаңбырды жаз кезінде, қыста қар тарту мақсатында үлкен функциясын атқарады деген сеніміміз бар.

Бұл жоба аудандағы суармалы алқап көлемін ұлғайтуға әсер етпек. Себебі қияр, қызанақ, картоп және өзге де көкөніс түрлеріне сұраныс көп. Сондықтан бөгет құрылысына бас мән берілуде. Бес айға созылған жұмыс барысы енді бірер аптада толық аяқталады.

Қуандық Нұрбақыт, мердігер компания өкілі:

-Дамбаны көтеріп, жан-жағын көтеріп, оны жаңағы техникалармен бастырып, арнайы сосын бетонный жұмыстар жасап, мына мостыларын салып төбесіне задвижкаларын қойып, астына трубаларын, арнайы тастарын салып, солай жұмыс жасадық. Сапасына кепілдік болады. Енді оны барлығы қадағалап отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

-Бұл бөгет облыстық бюджеттің қолдауымен салынып жатыр. Шамамен 200 миллион теңгеден астам қаржы бағытталған. Нәтижесінде Әйтеке би ауданы бойынша дәл осындай екі бөгет пайда болды. Алдағы уақытта тағы бірнеше өзеннің айналасында құрылыс жүреді.

Су қорын жинап, оны тиімді пайдалануды жолға қойған шаруалар саны өңірде жыл санып өсіп келеді. Бүгінде облыстағы суармалы алқаптың көлемі 30 мың гектарға жеткен. Алдағы жылдары тағы 10 мыңға көбейту жоспары бар.

Авторлары: Ануарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев