Елімізде кеме зауытын салу үшін инвестор тарту қажет

Теңіз порттарымыздың әлеуеті жоғары, сол себепті қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартып, кемелердің санын көбейту қажет.

Су көлігін дамыту мәселелеріне арналған Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Биылғы 11 айда еліміздің теңіз порттары арқылы 6 жарым млн тонна жүк тасымалданды. Алайда қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып- тиеуге болады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Кемелердің әсіресе паром тапшылығын шешуге тиіспіз. Ол үшін  шетелге тапсырыс беруге мәжбүрміз. Алғашқы паромдардың құрылысы алдағы жылы басталады. 2027 ші жылы олардың санын 4-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, 2024 ші жылғы қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуі қажет.

Биыл транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Оның ішінде, Қазақстандық өнімнің экспорты 3 есе көбейген. Көлік министрі Марат Қарабаев келесі жылы Ақтау портында контейнерлік хаб салына бастайтынын жеткізді. Жобаны іске асыру үшін Ляньюнган портымен келісімшарт жасалған. Жалпы, Құрық портының терминалдарын дамытуға 200 млн доллардан  астам инвестиция тартылады.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, тиісті жол картасына қол қойылды. Аталған жол картасының шеңберінде көзделген шаралар, әрбір елмен бірлесіп іске асырылып жатыр. Оған қоса, Қазақстандық экспорттаушылармен және жаһандық ірі Maersk, Cosco Shipping, PSA сияқты тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп, 3 және 5 жылдық тасымалдау көлемін айқындап жатырмыз. Нәтижесінде, көліктік дәліздің алдағы 5 жылға толық жүктелу көлемін көре аламыз.