Жолыңды біл, жүргінші!

Қызылшұнақ аяз діңкелетіп барады. Мынадай суықта жүріп-тұру қиын.

Көлік атаулы оталмай, сақиып жатыр. Мұндайда біраз көліктің терезесіне қырау қатып, жүргізуші маңайындағы жүргіншіні көрмей қалуы мүмкін. Сол қауіп!

Бүгінде жаяу жүргіншілер арасында жол ережесін сақтамау – үйреншікті үрдіске айналғандай. Асыққан көліктер де, аптыққан жолаушы да көп. Балалар тұрмақ, ересектер де заңға қайшы әрекетке барады. Мұндай тәртіпсіздіктің соңы қайғылы оқиғаға әкеп соғуы әбден мүмкін. Бұл әсіресе қазіргідей ақ қар, көк мұзда қауіпті

Амантай Мұстафин көлік жүргізуші:

- Жаяу жүргіншілерге арналған жерден барып өтуге болады ғой. Күн аяз. Машиналар қатты келе жатыр. Кедергі қылады. Сосын шопырлар кінәлі болады. Күн аяз болғаннан кейін пар болып тұр. Машинаның арты пар. Жүгіріп өтеді солар.

Иә, бағдаршамның жасыл түсін күтпей, жолдан тез өтіп кетуге тырысатындар көп. Құлаққап киіп алып, көліктің дабылын естімейтіндер де жетіп артылады. Ал жүйткіген көліктің бірден тоқтауы да қиын.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі:

- 11 айдың көлемінде 300 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабының 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Бұл жерде санкция 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Аяз күшіне мінген соңғы 3 күнде елде 70 шақты жол көлік оқиғасы орын алып, 8 адам жазым болған. Мұндай апаттардың басым бөлігі Алматы  мен Жамбыл, Маңғыстау облыстарында тіркелді. Өкініштісі елдегі әрбір сегізінші жол апаты жаяу жүргіншінің кінәсі дейді жол сақшылары

Зарина Кәп, Марат Диханбаев, «24KZ»