Тәуелсіздік қарлығаштары

Биыл Желтоқсан оқиғасына 37 жыл.

Алматы алаңына жиналған жастар Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Колбиннің келуіне қарсы болып, өздерінің талабын қойған еді. Желтоқсан оқиғасы - Тәуелсіздіктің жаршысы болды. Желтоқсан куәгерлері «егемендік оңайлықпен келген жоқ»,-дейді. Біраз жас қыршынынан қиылып, біразының өмірі тас-талқан болды.

Аяп Ыдырыс 1986 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік институтында оқып жүрген. Әскерден келген оң мен солын танып қалған жігіт болатын. 16 желтоқсанда халық көтерілгенде өзі сияқты бірнеше студент жатақханадағы қыз-жігіттерді ұйымдастырып алаңға алып барған. Бейбіт шерудің соңы қақтығысқа ұласып кетеді деп мүлдем ойламаған.

Аяп Ыдырыс, "Тәуелсіздік 1986 желтоқсан" ұйымы төрағасының орынбасары:

- БТР- ларды дыбысын шығармай оталдырмай сүйреп келе жатыр екен солдаттарымен қосып. Сол кезде сен қарап тұрасың ба қыз баланы ұрып жатқанда. Бәріміздің  қарындастарымыз бар әпкелеріміз бар. Қазақтың менталитетіне жат нәрсе ғой.

Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтсе де, бәрі көз алдымда дейді Аяп Ыдырыстың өзі. Басынан қатты соққы алғандықтан көзіне зақым келіп, ұзақ емделуіне тура келген. Бір қуантарлығы, сол кездегі институт басшылары қудалауға түсірмей, оқудан шығармай алып қалған. Қазір өз қызметімен қоса, қоғамдық ұйымда жұмыс істейді.

Аяп Ыдырыс, "Тәуелсіздік 1986 желтоқсан" ұйымы төрағасының орынбасары:

- Барлық Желтоқсан ұйымдарының ең басты мәселесі желтоқсандықтарға статус алу. Қайта, қайта хат жазып жатырмыз. Алды 70-ке келді. Ең жасы 55-те. Ақталған деген сөздің өзі ұнамайды. Не үшін ақталасың? Елімнің болашағы үшін, егемендігі үшін алаңға шықтық.

Ал Ақкүміс Ықыласова институтта сырттай оқып, тігін фабрикасында жұмыс істейтін. Бірінші хатшы Қонаевты орнынан алып тастағанына қарсылық білдірген алаңдағы халықтың бел ортасынан ол да табылады.

Ақкүміс Ықыласова, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Таяқты жесек те суға малмандай су болсақ та ортада кетпейміз ғой. Сол жерде таяқты жедік өлімші болып, қоқыс тиейтін машиналар дайын тұрды. Кім жүре алмайды? Қоқыс тиейтін машиналарға тиеп қаланың сыртына апарып тастап жатты. Ол жерде ор да қазулы.  Сол ордың үстінде мен де қалғанмын ғой.

Абырой болғанда сол маңда жүрген жанашыр жандардың арқасында аман қалады. Десе де, оны ауруханаға әкелгенде, ес-түссіз жатқан қызды көрген дәрігерлер оны өліп қалды деп ойлап, мәйітханаға апарып тастаған. Сол жерге кірген бір жұмысшы оның тірі екенін байқап қалып қайта алып шыққан.

Ақкүміс Ықыласова, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Бір есімді жиғанда айнаның  алдына қарағанымда өз түрімнен өзім қорықтым. Шаш деген ұйып қалған. Ұйысып қалған қанмен бірге бір құбыжық болады  ғой қорқатын сондай түрде болғам.

Десе де, куәгерлер егемендік алуымызға жол салған Желтоқсан оқиғасына қатысқандарына еш өкінбейді. Олар расында да Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары еді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов