Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтөбеліктер туралы туынды жарыққа шықты

«Желтоқсан оқиғасы» әлі де жан-жақты зерттеледі. Бұл туралы 1986 жылғы көтеріліске қатысты Ақтөбеде ашылған көрме барысында айтылды.

Белгілі болғандай, сол күндердің ел өміріндегі маңызы, куәгерлердің кейінгі тағдырымен байланысты деректер жиналады. Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтөбеліктер туралы жаңа туынды жарыққа шықты.

Самат Жылмағамбетов желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бірі. Алматының алаңында жиналған жастардың талабын естіп, одан кейінгі күндері милиция, әскерлермен болған қақтығысты өз көзімен көрді. Әсіресе, орган қызметкерлерінің талабын айта келген азаматтарды аяусыз басып-жаншығаны әлі жадында. Тергеп тінтуден аман қалса да, екінші курста көрген сұмдығын бүгінде өзі секілді желтоқсаншылармен бірге құрған ұйым арқылы жастарға жеткізіп келеді.        

Самат Жылмағамбетов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Бірлестіктің енді өзінің жұмысы бар. Ол жастарға патриоттық тәрбие беру. Кездесуге барамыз, сол кездегі оқиғаларды айтамыз.  Желтоқсан оқиғасының не үшін болғанын, не үшін көтерілгенін жастардың. Ол кезде біз жас та болдық қой.Біздер ойлаған жоқпыз ол кезде солдаттар бізге қол көтереді, ұрады деп.

Желтоқсанда көтерілісіне Ақтөбе облысынан 160 адамның қатысқаны анықталған. Оқидан кейін бірқатары оқудан қуылса, енді бірі істі болып, сотталды. Тарихшылардың айтуынша, кейбіріне қатысты ақтау ісі әлі жүріп жатыр. Ал сол оқиғаға қатысқан жастардың фотолары мен құжаттары бір айға дейін созылатын көрмеге қойылды. Арасында тың деректер де бар.

Гүлзира Урдашева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:

- Желтоқсанға қатысқан және де сол кездегі студенттердің жазған лекцияларында мысалы 15-ші желтоқсан деген жазылған да, ал 16-дан бастап уже лекциялары жоқ. Киімдері, ұстанған, тұтынған жеке заттары  жасақталған көрмеде.

Бұдан өзге, желтоқсаншылардың естеліктері жазылған кітап та жарыққа шықты. Ал ел тарихындағы елеулі оқиғаны зерттеу ісі әлі де жалғасады.

Рақым Бекназаров, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- 1986 жылғы Қазақстанда болған оқиға - бұл әлем деңгейінде болған оқиғалардың бірі. Бұрыңғы КСРО-ның ыдырауына ең алғашқы болған себеп. Екіншіден, бұған дейін ашылмай келе жатқан беттері 86-жылғының соны қазір зерттеу, соның ішінде, кәсіби мамандар зерттеуге кірісті. Біз материалды тек бір жақты емес, екі жақтан да, үш жақтан да жалпы видео архив, документтердің бәрін бірлестіріп шынайы тарихи оқиғаны зерттеуге кірісуіміз керек.

Тарихшылардың айтуынша, 1986 жылы Алматыда болған оқиға еліміздің тәуелсіздік алуына түрткі болды. Сондықтан, желтоқсаншыларға деген құрмет әрдайым биік.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев