Білім алмасу бағдарламасының игілігі

Қазақ мәдениетінің шоқтығы биік. 

АҚШ-тың ФЛЕКС (Flex) бағдарламасы арқылы елімізде бір жыл оқыған америкалық оқушы қыз Бриджит Одоннелл осылай дейді. Бұл осы мемлекеттің жоғары сынып оқушыларына арналған білім алмасу бағдарламасы. Осыдан жиырма жыл бұрын басталған жоба арқылы Америка өз азаматтарын тек үш елге: Польша, Грузия және Қазақстанға жібереді. Биыл біздің елімізде бес жасөспірім білім алып қайтты.

Ауызекі  біраз сөзді білетін Бриджит Қазақстандағы күндерін сағынышпен еске алады. Ол Алматыда бір жыл оқыған. Сол аралықта өзгеше білім бағдарламасына бойлап қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен тарихы туралы көп мағлұмат алған. Қазақстанның біраз әсем жерлерін де аралап қайтқан.

Бриджит Одоннелл, колледж студенті:

- Мен осы бағдарлама бойынша және мектебіммен Түркістанға бардым. Бұл өте қызықты сапар болды. Мавзолей және басқа да тарихи жерлерді көру маған Қазақстанның түрлі терең және бай тарихын түсінуге көмектесті. Сондай-ақ мен Астанаға екі рет барғанмын.

Бриджит көп ұзамай қазақ тілін жетік үйренбекші. Себебі, жоғары оқу орнында халықаралық бизнес мамандығын меңгеріп, екі елдің байланысын нығайтуға күш салмақ. Алматыдағы тіл колледжіне түскен студентке Бриджит Одоннелл, колледж студенті:

- Мектеп бағдарламасы қиынырақ. Әсіресе математика күрделі болды. Физика да қиынға соқты. Көп дайындалдым. Оның үстіне қазақ, орыс тілдеріне де икемделу де керек болды. Бірақ, бақытыма орай, менің ұстаздарым да достарым да маған әрбір тапсырманы толық түсінгенше көмек көрсетті.

Лаурен Стробл да Алматыдағы мектептердің бірінде 10 ай білім алған. Қазақтың салт дәстүрімен етене танысқан Лаурен әсіресе қол өнер бұйымдарды ерекше ұнатып қалған. Өзі жасап алған сырға мен шолпысын көрсетті. Бұл сапар Қазақстанға қатысты түсінігімді түбегейлі өзгертті дейді өзі. Екі жақтағы мектептердің айырмашылығын да атап өтті.

Лаурен Стробл, мектеп оқушысы:

- Мен үшін ең үлкен айырмашылық мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы байланыс. АҚШ-та бұл көбінесе алыстан жұмыс бойынша араласу. Ал Қазақстанда мұғалімдер маған жақынрақ болды мені тұлға ретінде көбірек танып, әрдайым көмектескісі келді. Сыныптастар арасында да жақсы достық қарым-қатынастар болды. Бұл АҚШ сияқты үнемі сынып ауыстырмай, күні бойы уақытты бір сыныппен өткізгеннен деп ойлаймын. Сондай-ақ онда көптеген қызық сабақтар бар және олар әр күні өзгеріп отырады, соның нәтижесінде көп білім алуға мүмкіндік бар.

Бұл стипендиялық бағдарламаның мүмкіндігін қазақ жастары да тиімді пайдаланып келеді. Он жылда мыңға жуық адам Америка мектептерінде оқыды. Қазір тоқсан алты қазақстандық АҚШта тегін білім алып жатыр. Авторы: Айжан Сыдықова