Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүріп жатыр

Биыл Президент жанындағы жастар кадры резервіне 6,5 мыңға жуық үміткер өтінім берді.

Яғни, бұл 1 орынға 128 адам таласқа түсті деген сөз. Енді Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен желтоқсанның 19-ы мен 23-і аралығында Ұлттық комиссия іріктеудің ақтық кезеңін өткізеді. Бұған дейінгі кезеңдерде үміткерлердің үздік жүздігі анықталған еді. Енді олар Ұлттық комиссия мүшелерімен сұхбаттасады. Қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам іріктеліп алынады.

Еске сала кетсек, Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының талантты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту жөніндегі бастамасы. Соңғы 5 жылда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы түрлі лауазымдарға 270 маман осы резервтен тағайындалған. Қазір олардың 33-і саяси, бесеуі «А» корпусындағы әкімшілік қызмет атқарады.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Бұл жоба бойынша қазіргі таңда 1 қыркүйектен бастап 6404 үміткер өздерінің құжаттарын тапсырған болатын. Қазіргі кезде 5 кезеңнен өтіп, Ұлттық комиссияның отырысына 100 үміткер келіп қатысып жатыр. Үміткерлеріміздің негізгі білімдері жоғары, шетелдік білімдері бар. Сонымен қатар қазіргі таңда біздің кезеңнен өткен кездегі біздің үміткерлеріміздің алдыға қойған мемлекеттік басқаруға өздерінің үлесін қосу.

Ғабит Дәрісов, Президенттік жастар кадр резервіне үміткер:

- Қазіргі таңда 6 іріктеу кезеңі өткізілді. Бұл кезеңдер жалпы, менің ойымша, жақсы ұйымдастырылған деп есептеймін. Жастарың талантын, олардың лидерлік қабілеттілігін аша білді деп ойлаймын осы іріктеу кезеңдері. Мемлекет басшысы бастауымен басталған бұл кадрлық резервке іріктеу тамаша мүмкіндік деп есептеймін, Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба жастарға бірегей мүмкіншілік беретіні сөзсіз.