Қостанай облысында құрғақ порт салынады

Келер жылы Қостанай облысында құрғақ порт құрылысы басталады.

Жоба құны – 37 миллиард тенге. Жаңа кешеннің іске қосылуымен көлік-логистика саласы дамиды, - дейді мамандар. Жүк айналымы артады деген жоспар бар. Биыл өңірден шет елдерге автожүк тасымалы 30%-ке өскен. Экспортқа құрылыс материалдары, автобөлшектер және азық-түлік  жіберіледі. Шекаралық өткізу пунктерінің қызметін жетілдіру мәселесі де өзекті. Бекеттерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Олжас Нұрғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Облыс бойынша 6 автокөлік өткізу пункті бар. Қазақстан-Ресей шекарасындағы Қайрақ өткізу пунктін қайта құрып, жарақтандырудың жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Көлік жолын 8 жолақ қылып кеңейту жоспарда бар. Оның жалпы ұзындығы – 1,6 шақырым. Сондай-ақ әкімшілік ғимарат аумағын да үлкейтеміз. Мұның бәрі шекараның өткізу қабілетін арттырып, кедендік бақылаудан өту уақытын қысқартады.