Жылу энергетикасында маман тапшы

Елдегі жылу электр станцияларына 15 мыңнан астам маман қажет.

Бұл – салалық қауымдастық өкілдерінің ресми мәліметі. Мәселе шешілмесе, кадр тапшылығы күрделене түспек.

Бүгінде өңірлерді жылумен қамтитын жаңа стратегиялық нысандарды салу және жаңғырту шаралары қолға алынған. Ал жобаларды жүзеге асыруға білікті маман керек. Енді осы өзекті проблеманы шешу жолдарын өскемендік жоғары оқу орындары ұсынып отыр. 

Жылу электр станциясы мен университеттің ортақ жобасы шеңберінде өндіріс ошақтарында оқу сыныптары ашылып жатыр. Бағдарлама аясында студенттер оқу үрдісінің басым бөлігін осы жерде өткізеді. Оларға өз ісінің шеберлері жетекшілік етеді.

Серік Байсаринов өмірінің 33 жылын энергетика саласына арнаған. Бұл станцияға электромонтёр болып келген ол – бүгінде цех бастығы әрі дәріскер. Білікті маман студенттермен бар жиған-тергенін бөліссем дейді.

Серік Байсаринов, жылу электр станциясының цех бастығы:

- Бізде тәжірибелі мамандар да тұрақтап қалмауы мүмкін. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру маңызды. Студенттер тәжірибе жүзінде білім алуы шарт. Сонда ғана бұл саланы таңдап, еңбек етуге ынталы болады.

Осылайша, болашақ энергетиктер өз ісінің шебері атанған қызметкерлерден тәлім алады. Нәтижесінде кәсіпорын өзіне қажет мамандарды даярлайды. Жоба аясында студенттер жоғары білім алған соң бір жыл бойы өндіріс ошағында біліктіліктерін арттырады.

Бекзат Нұрмұхамет, студент:

- Тәжірибелік сабақтар  өндіріспен жақынырақ танысуға, текориялық материалда іс жүзінде меңгеруге көмектеседі. Басқаша айтсақ, жылу электр станциясын өз көзімізбен көріп, жетекшілерімізбен еңбекке араласамыз.

Бүгінде жылу энергетика инженерлері колледждерді есепке алмағанда еліміздің 14 университетінде даярланады. Мемлекеттік грант саны жыл сайын артып отыр. Себебі еңбек нарығындағы сұраныс жоғары. Мамандардың айтуынша, мамандыққа деген сұраныс артқан сайын, грант саны да ұлғая түспек.

Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры:

- Жас кадрлар керек біздің экономикамызға. Сондықтан қазіргі таңда осындай филиалдар ашу, менің ойымша, өте жақсы бастама. Біздің серіктесіміз ТЭЦ – өте жақсы полигон. Студенттердің оқу барысында осындай полигонда білім алу, практикалық бағытталған білім алу жақсы мүмкіндік жасап отыр.

Келесі жылы аймақта 200-ден астам маман даярлау жоспарланған. Алайда маманға деген сұраныс азаймақ емес. Алдағы жылдары еліміздің бірнеше қаласында 3 жылу электр станциясы салынады. Сарапшылардың есебінше, бір қазандық агрегатына қызмет көрсету үшін кем дегенде 600 қызметкер керек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.