Атырауда «Жыл адамы» анықталды

Атырауда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелеріне құрмет көрсетілді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жыл адамы» салтанатты шарасында биыл 19 номинация бойынша үздік танылғандар мараптталды. 4 азамат «Атырау қаласының құрметті азаматы» атанды. «Мақсатымыз өз саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, ұжымына үлгі болып жүрген қарапайым еңбек адамдарын марапаттау арқылы жастарға үлгі тұлға қалыптастыру»,- дейді шараны ұйымдастырушылар.

Бүгін шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ тұлғаға «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олар: қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кеңес Қосыбаев, қалалық мәслихат депутаты Қаршыға Жауымбаев, «Құлсары болашақ ЛТД» ЖШС-нің басшысы Жақсылық Сәрсенов және «Дина» сауда-өндірістік компаниясының бас директоры Нұрлан Тәуекел. Сондай-ақ, қала әкімі Шәкір Кейкін 20 жылдан бері коммуналдық қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан Құрмет Семғалиевке Алғыс хат табыстады.

Құрмет Семғалиев, «Арнаулы автобаза» ЖШС көлік жүргізушісі:
- Жұмысымды атап, құрметтеп, беріп жатыр. Алғыс хат беріп жатыр. Көп-көп рахмет айтамын. Көп рахмет еңбегімді сыйлап жатқандарыңызға. Жұмыс өте оңай емес. Қаланың тазалығы, жаңбыр, қар, жазда опрессовка деген бар. Өзім жүргізушімін. 3-4 машина айдаймын.

Жыл қортындысындағы марапаттан мәдениет саласының қызметкерлері де шет қалмады. Солардың бірі - зағип жандар клубының жетекшісі Сая Жасақбаева болды. 

Сая Жасақбаева, клуб меңгерушісі:
- Бүгінгі алған марапатыма өте қуаныштымын. Осындай үлкен марапатқа ұсынған ұйымдастыру алқасына алғысымды білдіремін. Еңбек еткен әрбір қызметкердің арманы осындай жылдың аяғында өзіңнің еңбегі еленіп, үлкен марапатқа ие болу. Осындай үлкен бақытқа бүгін кенеліп жатырмын. Өте қуаныштымын.

Қала әкімдігі ұйымдастырған бүгінгі салтанатты шараға өз саласының үздіктері шақырылған еді. Осынау қарапайым еңбек адамдары қала тірлігінің қалыпты ырғағына өз үлестерін қосып, сол арқылы жалпы қоғамның қозғаушы күшіне айналып үлгерген жандар. «Жыл адамы» іс-шарасы төгілген тердің өтеуі, кейінгі буынды еңбек сүйгіштікке, өз ортасының белсенді азаматы болып қалыптасуына оң ықпал ететін ерекше байқау екені даусыз.

Нұржан Ермұқанов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл шараның қоғамға тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Біздің өскелең ұрпағымызға, жастарымызға мотивация алуға ертеңгі күні осындай адал қызмет етіп, еңбегімен жыл адамы болсам екен деген өзіндік ұстанымы болуына себепші болады деп ойлаймын.

Бүгінгі марапат иелері күн-түнмен санаспай, өзіне жүктелген міндетті адал атқарып жүрген, бірақ еңбектеріне бола ешкімге міндет артпайтын қарапайым азаматтар. Ендеше марапат құтты болсын, еңбек адамы!

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов