Қызметтік ит үш жыл сақталған иіс арқылы қылмыскерді анықтаған

Қостанай облысында иттердің көмегімен биыл 450-ден астам қылмыс ашылды.

Иісшіл иттер қылмыскерді іздестіруден бөлек жарылғыш заттарды анықтауда да аса қырағылық танытып жүр.

Криминалист Вера Соболева одорологиялық зертханада қызмет етеді. Бұл жерде қылмыс орнынан алынған 3 мыңнан астам иіс пен қарулар сақталған.

Вера Соболева, облыстық ПД бас криминалисі:

- Иісті сақтауға қажетті барлық талапты орындау үшін бұл жердің ауа температурасы, ылғалдылығы және жарықтандыруы үнемі бақылауда. Мысалы 3 жыл бойы сақталған иіс арқылы қылмысты ашқан жағдайлар да болды. Оқиға орнынан алынған иіс арқылы қызметтік иттер күдіктіні тауып берді.

Мират Ченемесов, облыстық ПД жедел криминалистика басқармасының бастығы:

- Облыс бойынша қылмыс орнынан алынатын иіс осы жерде сақталады. Биыл әкелінген 53 иістің 51-і қылмыскердің жеке басын анықтауға ықпал етті.

Одорологиялық сараптама кезінде түрлі иіс ұсынылады. Күшік кезінен иіс ажырату бойынша үздіксіз жаттығудан өткен төбеттер мұндайда қателеспейді. Қазір облыс аумағында 55 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың әрқайсысына арналған жеке жаттығу бағдарламасы және бөлек кинолог маман бар.

Олжабай Шаяхметов, облыстық ПД кинология қызметінің кіші инспекторы:

- Ерекше қабілетке ие болуы үшін, яғни иісті ажыратуы мен шатастырмауы маңызды. Сол себепті түрлі жаттығулар жасатамыз. Үздіксіз қайталанған жаттығулар өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Ең бастысы онымен дұрыс тіл табыса алу қажет.

Жыл басынан бері қызметтік иттер қылмыс болған орынға 6 мың рет шыққан. Олардың тікелей қатысуымен 450-ге жуық қылмыс ашылды.

Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров, «24.KZ», Қостанай.