Жезқазған мен Сәтбаев қалалары қосылуы мүмкін

Үкімет Жезқазған қаласының бас жоспарын мақұлдады.

Екі кезеңде іске асырылатын басты құжатта әлеуметтік-экономикалық даму тетіктері және ғылым мен білімді жетілдіру жолдары нақтыланған. Жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында қазір шешімін күткен мәселе көп.

Бас жоспардың жоқтығынан тұрғын үй құрылысына қатысты жобалардың бірқатары мерзімінен кешікті. Шағын шаһардың болашақ кейпі қандай болмақ?

Үкімет мақұлдаған бас жоспар бір жылда тұрғындар талқысына 3 мәрте түсті. Қала халқының ұсыныс-тілегін ескере отырып жасалған жоба алдағы 15 жылды қамтиды. Тұрғын үй аумағы 100 гектарға ұлғаяды. Бас жоспар бойынша болашақта Жезқазған мен Сәтбаев қаласы бірігіп, үлкен шаһарға айналмақшы.

Қанат Бекжігітов, Жезқазған қаласының бас сәулетшісі:

- Халықтың көпшілігі қолдаған бағыт ол – Кеңгір ауылы арқылы арықарай Сәтбаев қаласына жол тарту болды қаланың өсуі. Есеп бойынша біздің болжауымызбен осы бас жоспарды 2038 жылға дейін жүзеге асырамыз. Соңғы жылдары Жезқазған халқының динамикасы жақсы. Осы динамикаға қарай, экономиканың дамуына қарай біз 145 мың адамға болжап отырмыз.

Ширек ғасыр Жезқазғанда тұрғын үй құрылысы болмады. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде ғана бірен-саран жоба жүзеге асты. Ал бұрыңғы үйлер толығымен ескірген. Бұл мәселенің де шешімі бас жоспарда көрсетілген. Яғни, енді Жезқазғанға қаржы құюға ниетті инвесторларға кедергі жоқ.

БЛИЦ:

- Қалада жаңа тұрғын үйлер тұрғызылса деп тілейміз. Облыс орталығы болғандықтан бұл жерде демалатын орындардың да көп болғанын қалаймыз.

- Демалыс орындары керек қой балаларға.

- Биік-биік үйлер болса. Біздің жасымыздағы адамдарға баратын жерлер. Балаларымызды алыс жаққа қарай жетектеп жүгірте бермей, жақын жерде бір балалар ойнататын жерлер болса.

Бас жоспарда қаланың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында да біршама жұмыстар қолға алынады. Ең бірінші кезекте тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонның орны ауыстырылады. Қаланың ішіндегі жасыл желектің саны 2 есеге көбейеді. Ал Кеңгір су қоймасының жағалауы түгелдей демалыс орнына айналады.

29 балабақша, 8 мектеп, 7 аурухана бой көтереді. Себебі, былтырдан бері қала тұрғындарының саны едәуір артты. Бас жоспарды жүзеге асыру алдағы жылдың наурыз айынан басталады. Оған дейін инвесторларға өз жобаларын жүзеге асыру үшін бөлінген жерлер аукционға қойылады.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев «24.KZ», Ұлытау облысы.