Ұлытау облысында зағип жандарға арналған оқу бөлмесі ашылды

Қолмен ұстап, жүрекпен сезін. Ұлытау облысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тұңғыш орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Арнайы кабинет облыстық әмбебап кітапхана жанынан құрылған. Әзірге Брайль жүйесімен басылған 21 томдық кітап бар. Мамандар: «оқырмандардың сұранысына байланысты кітап қорын арттырамыз», - дейді. Қазірдің өзінде нүктелі-бедерлі жазу жүйесін игерген 10 шақты оқырман тіркеліп үлгерген. Ал оны білмейтін азаматтар үшін аудиокітаптар бар.

Мақпал Жүнісова, облыстық әмбабап кітапхананың бөлім меңгерушісі:

- Оқырмандарымызға барлық инфрақұрылым дамыған. Пандустар бар, санузел бар. Сонымен қатар тактильді кітап бұрыштары орналастырылған. Олардың келуіне, шығуына, кітапхана ішіндегі қимыл-қозғалысына барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта аудиокітаптарды толықтыру жұмыстары жоспарланып отыр.