Депутаттар Атырау облысының мәселелерін ортаға салды

Атырау облысының ел экономикасына қосатын үлесі қомақты.

Бірақ мұнай өнеркәсібінің қоршаған ортаға кері әсері де орасан. Өзекті мәселе қайтсе шешіледі? Аймаққа жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған халық қалаулылары мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірде қалыптасқан проблемаларды ортаға салды.

Елімізде өндірілетін көмірсутегі шикізатының 65%-і шоғырланған Атырау облысының ел экономикасына қосатын үлесі қомақты. Интенсивті бағытта дамып келе жатқан мұнай өнеркәсібінің өңір экологиясы мен қоршаған ортаға кері әсері де орасан. Мұнай компанияларының қоршаған ортаны ластағаны үшін төлейтін экологиялық эмиссиялары респбуликалық бюджетке кетіп жатыр. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін Бюджеттік және Салықтық кодекстерге өзгеріс енгізілді. Енді үздік қолжетімді технологияларды енгізген мекемелерге Үкімет 2025-35 жылдарға дейін эмиссиялар үшін төлемдерден босатады. Атырауда ол шамамен 150 млрд теңгені құрайды, - дейді жергілікті мәслихат депутаттары. Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – жергілікті жерге түскен салықтарға Орталықтың ортақ болуы.

Арман Хайруллин, облыстық мәслихат депутаты:

- Мысалға, 2022 жылы 280 млрд теңге көлемінде, ал 2023-24 жылға 460 млрд теңгенің көлемінде бізден қаражат әкетілгелі тұр Орталыққа. Ал біздің экологиялық, соның ішінде инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп алу үшін, санап айтқанда, ең негізгілері 330 млрд теңге көлемінде. Сондықтан егер де алып қоюларды түпкілікті азайтса, қазіргі Бюджеттік кодекстің 80-ші бабына өзгерістер енгізілетін болса, онда өз қаражатымызбен субенциялардан бас тартуға мүмкіндігіміз бар.

Жергілікті мәслихат депутаттарының ұсынысын тыңдап, жиынды қорытындылаған Сенат төрағасы еліміздің саяси-экономикалық даму стратегиясы туралы түсінік берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы аптада Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты. Жалпы өткен жылы азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуына кепіл болатын жоғарғы орган Конституциялық сот жұмысын бастады. Алғаш рет азаматтарымыз аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлады. Осы және өзге де жетістіктер мен бастамалар биылғы жылы да жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуімізге берік негіз болады деп сенеміз.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Сенаторлар жергілікті жастармен кездесіп, ұсыныс-пікірлдерін тыңдады. Түстен кейін бір қатар нысанды аралады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.